"Ақтап алу үшін айтылуда": Тоқаев Қаңтар оқиғасын "халық көтерілісі" деп жүргендерге жауап берді
Жарияланған күні:
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" газетіне көлемді сұхбат берді. Онда ол Қаңтар оқиғасын "халық көтерілісі", тіпті "революция" деп сипаттайтындарға жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Басылым журналисі президенттен "Қаңтар оқиғасын халық көтерілісі, тіпті революция деп атап жүргендерге не айтар едіңіз?" деп сұрады.
Тоқаев бастапқыдағы бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке, өртеу мен қиратуға ұласқан қайғылы оқиғаларға бүкіл әлем куә болғанын айтты.
"Кім бейбіт шеруге автомат, тапанша және суық қару ұстап барады?! Ниеті дұрыс адам әскери қызметшілерді ұрып-соғып, өлтіре ме, оларды тірі қалқан етіп, әкімшілік ғимаратқа шабуыл жасай ма?! Бейбіт шеруде дүкендер мен банктер қиратылып, тоналып, көліктер өртеле ме?! Билік органдарының ғимараттары мен полиция бөлімдеріне жасалған шабуылды айтпай-ақ қояйын. Осындай жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан үш миллиард долларға жуық шығын келді", - деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ.
"Турасына көшсем, бұл халық көтерілісі болды деген пікірлер қылмыстық әрекеттерді ақтау үшін айтылуда. Барып тұрған бұзақыларды батырға балап, жұртты арандататын әрі жауапкершіліктен жұрдай сыңаржақ пайымдар қылмыстық психологияның қоғам санасына сіңуіне әкеп соқтырады. Мұндай әңгімелер – ұлттық қауіпсіздікке және халықтың жаймашуақ өміріне қатер төндіретін жаппай тәртіпсіздікке шақырумен пара-пар. Бұл – өте қатерлі үрдіс. Сондықтан осындай жүгенсіздікті сынға алу мәселесіне келгенде мемлекет пен қоғамның ұстанымы ортақ болуы керек. Мен бұған сенімдімін", - деді президент.
Ел басшысының сөзінше, мемлекетте биліктің іс-әрекетіне жария түрде келіспеушілік білдіруге толық мүмкіндік бар.
"Азаматтар өзін толғандыратын мәселе туралы ашық айта алады. Мен мемлекеттік органдардан "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына сәйкес, қоғамның пікірімен санасуды талап етіп келемін. Елімізде бейбіт жиналыстарды реттейтін демократиялық сипаттағы заң бар. Жақында петицияларды тапсыру және қарау тәртібін реттейтін заң қабылданды.
Сондықтан бір нәрсені анық білуге тиіспіз. Бейбіт шеруге тыйым салынбайды, ал жаппай тәртіпсіздіктің кез келген түріне қатаң тосқауыл қойылады. Елімізде заң мен тәртіп қана үстемдік құруға тиіс. Бұл – мен үшін мызғымас қағида. Демократияның бесігі саналатын батыс елдеріне қараңыздар, ешкім де көшеде жаппай тәртіпсіздік жасаған, мемлекеттік органдарға шабуылдаған адамның маңдайынан сипап, өбектеп отырмайды", - дейді Тоқаев.
Оның айтуынша, полиция жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушыларды, яғни биліктің заңды талаптарына қарсы шығуға үндеген, қару-жарақ әкеліп таратқан, жағдайды ушықтырып, адамдарды күш қолдануға, маңайдағының бәрін қиратуға, өртеп-талқандауға азғырған адамдарды анықтап, әшкерелеген.
"Ал тәртіпсіздікке кездейсоқ қатысқан, білместікпен арандап қалған адамдардың бұзақыларға қатысы жоқ. Оларға менің бастамаммен рақымшылық жасалды. Бұған дейін сотталған 1205 адамның 1095-і осы рақымшылыққа ілікті. Ал жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар мен лаңкестік әрекеті, мемлекетке сатқындығы, билікті күшпен басып алуға тырысқаны және басқа да ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандар жазасын толығымен өтейтін болады", - деп жауап берді Тоқаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2053636-aqtap-alu-usin-aityluda-toqaev-qantar-oqigasyn-xalyq-koterilisi-dep-zurgenderge-zauap-berdi/