"Көп жылғы салғырттықтың салдары": Тоқаев Қазақстандағы ЖЭО проблемасы туралы айтты
Жарияланған күні:
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" газетіне көлемді сұхбат берді. Онда ол елдегі жылу электр орталықтарындағы апаттарға кім жауапты екенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Жылу электр орталықтарындағы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы мүшкіл ахуал – көп жылғы салғырттықтың салдары. Осы саладағы түйткілдер бір күнде аяқ астынан пайда бола қалған жоқ.
Оның бәрі жылдар бойы қордаланған мәселелер екені баршаға мәлім. Өңірлердегі жылу орталықтары мен басқа да құрал-жабдықтардың 80 пайызы әбден тозған. Өткен жылдарда коммуналдық шаруашылыққа салынған инвестиция бұл саланың қажетін өтеуге жеткіліксіз болды", - дейді президент.
Оның айтуынша, электр энергетикасы нысандарында болып жататын кішігірім оқиғаларды дардай қылып көрсетіп, жылумен қамтамасыз ету ісіндегі болмашы олқылықты "қасіретке айналдыруға" ұмтылатын әлеуметтік желідегі белсенділер отқа май құйып, елді дүрбелеңге салып жүр.
"Бүкіл Қазақстандағы инженерлік инфрақұрылымды толық жаңғырту – өте ауқымды әрі күрделі міндет. Бұл мәселе біртіндеп шешіліп жатыр. Көктем-жаз айларында Үкімет пен әкімдіктер жылу маусымына дайын болу үшін біраз жұмыс жасады. Жағдайы сын көтермейтін бірқатар нысанды жөндеді.
Ең алдымен, күрделі апаттардың алдын алып, үйлерге жылудың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету керек. Бірақ жаңа қуат көздерін ашу, желілерді біртіндеп жаңарту және коммуналдық саланы түгел жаңғырту басты міндет екенін ұмытпаған жөн", - деді президент.
Оның сөзінше, қазір жылу желілері әрең жұмыс істеп тұр. Үкімет пен әкімдіктер батыл қимылдап, қажетті шараларды дереу қолға алуы керек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2053653-kop-zylgy-salgyrttyqtyn-saldary-toqaev-qazaqstandagy-zeo-problemasy-turaly-aitty/