Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев Ресейде өтетін сайлау Қазақстанға қалай ықпал ететінін айтты

Жарияланған күні:

Ресей туы
Ресей туы. Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" газетіне көлемді сұхбат берді. Онда ол Ресейде алдағы уақытта өтетін президент сайлауы Қазақстанға қалай ықпал ететінін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Биыл Ресейде ғана емес, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Үндістанда, Әзер­байжанда және басқа да мемлекеттерде сайлау өтеді. Сондай-ақ Еуропарламент депутаттары сайланады. Әрине, біз осы сайлау науқандарын жіті бақылап отырамыз.

Ресейде өтетін президент сайлауы­ның біз үшін мәні зор екені сөзсіз. Өйткені Астана мен Мәскеу арасында өте жоғары деңгейде қарым-қатынас орнаған. Ресей Қазақстанның негізгі серіктесі әрі одақтасы екені бар­шаға аян. Өткен отыз жылда мем­лекет­аралық байланыстардың іргесі беки түсті. Екі ел арасында 300-ден астам шарт пен келісім жасал­ған. Бар­лық саладағы екіжақты ынтымақ­тас­­тық тетіктері жұмыс істеп тұр. Жоға­ры деңгейдегі саяси диалог қарқын­ды дамып келеді. Біз көпжақты құрылымдар аясында, сондай-ақ өңірлік тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында ықпалдаса әрекет етеміз", - дейді президент.

Ол былтыр Владимир Путин Қазақ­станға ресми сапармен келгенін еске салды.

"Бұл екіжақты қатынасты жандандыра түскен негізгі оқиғалардың бірі бол­ғаны анық. Біз келіссөз барысында мемлекеттеріміздің стратегиялық серіктестігі мен қарым-қатынасы шынайы достық сипатынан айнымайтынын тағы да нақтыладық.

Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Екі елдің та­уар айналымы 2023 жылдың бастапқы 10 айында 21,4 миллиард доллар болды. Өйтетін жөні де бар, біздің шекарамыз құрлықтағы ең ұзын шекара саналады", - дейді Тоқаев.

Президент ғылым-білім және мәдени-гумани­тарлық саладағы қарым-қатынасты нығайтуға әрдайым айрықша мән бері­летінін айтты.

"Биыл орыстың ұлы ақыны Алек­сандр Пушкиннің туғанына 225 жыл толады. Бұл – Ресей ғана емес, Қазақ­стан үшін де маңызды оқиға. Өйт­кені Пушкин – хәкім Абай сияқты, қос ха­лықтың достығы мен мәдени байла­ныстарының басты символының бірі.

Ресей Федерациясының әлемдік сая­сатта аса маңызды рөл атқараты­нын және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі екенін ұмытпаған жөн. Ресей Президенті Владимир Путин – сөзімен де, ісімен де жаһандық ахуал­ға ықпал ететін тұлға. Ресейдің ұста­ны­мымен бүкіл әлем санасатыны жа­сырын емес. Бұл мемлекеттің қаты­суын­сыз дүние жүзінде бірде-бір проблема шешілмейді. Ол айдан анық", - деген ол Ресей секілді алпауыт елдегі президент сайлауының халықаралық мән-маңызы қашанда жоғары және оған әлемнің көптеген елі назар аударатынын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2053657-toqaev-reseide-otetin-sailau-qazaqstanga-qalai-yqpal-etetinin-aitty/