2024 жылы елімізде ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылады
Жарияланған күні:
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен инвестицияларды тарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысында жаңа ақпараттық жүйе таныстырылды. Бұл туралы премьер-министрдің ресми сайтында хабарланды.
Премьер-министрдің баспасөз қызметінің мәліметінше, ұлттық цифрлық инвестициялық платформа инвестициялық жобаларды кешенді сүйемелдеу бойынша ақпараттық жүйе құруды көздейді.
"Бұл барлық тарапқа – кәсіпкерлерге және мемлекеттік органдар, қаржы институттары мен квазимемлекеттік сектор өкілдеріне бірдей пайдалы болады деп күтілуде. Цифрлық платформаның функционалы барлық процесті, оның ішінде инвесторлар үшін Қазақстан Республикасында қолжетімді мемлекеттік қызметтерді толық қамтуға мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.
Үкіметтің баспасөз қызметінің өкілдері инвестицияларды тарту мәселелерінде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру – үкіметтің басым және өзекті міндеттерінің бірі екені, ұлттық инвестициялық платформа ең алдымен инвесторлар үшін әзірленіп жатқанын айтты.
"Сондықтан ол барлық ұсынылған қолдау шараларын қамтуы қажет және пайдаланушылар үшін мүмкіндігінше ыңғайлы болуы керек. Ұлттық инвестициялық платформа көптеген процесті жеңілдетіп қана қоймай, олардың ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын айтарлықтай арттырады деп күтілуде", - делінген хабарламада.
Осыған байланысты мемлекеттік органдарға платформаны іске қосуды жеделдету және жүйеге инвестициялық жобалар бойынша барлық деректі енгізу тапсырылған.
Бұдан бөлек кеңесте көлік, логистика, денсаулық сақтау және туризм салаларында іске асыру жоспарланған жобалар да қаралған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2054958-2024-zyly-elimizde-ulttyq-cifrlyq-investiciyalyq-platforma-iske-qosylady/