Қазақстан Ресейге санкцияға ілінген тауарларды тасымалдайтыны рас па: сауда министрі жауап берді
Жарияланған күні:
Сенат отырысында сауда министрі Арман Шаққалиевке "Елде Ресейге санкцияға ілінген тауарларды жеткізіп жатқан компаниялар анықталды ма?" деген сұрақ қойылды. Бұл жөнінде бұған дейін Еуроодақтың санкциялар жөніндегі арнайы өкілі мәлімдеген еді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев өткен жылдың соңында Еуроодақтың санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О'Салливан кейбір тауарлар Қазақстаннан Ресейге реэкспортталатыны жөнінде мәлімдегенін еске салып өтті.
"О'Салливан мырза біздің экспорттық бақылау бойынша халықаралық міндеттемелерді орындауға байланысты жұмысты ұйымдастыру деңгейіне қанағаттанды. Керісінше, белгілі бір тауарлар тобын жеткізу динамикасы төмендегені байқалады. Соңғы жарты жылда пайда болған компаниялардың ішінде ондай компаниялар жоқ. Бүгінде Қазақстан өз міндеттемелерін тиісті деңгейде орындап отыр деп айта аламын.
Сауда айналымы болды – біз оны жасырмаймыз. Бірақ өздеріңіз білетіндей, біздің батыстық серіктестеріміз, интеграциялық бірлестіктер тізімдерді түзетіп жатыр... бізде экспорттық бақылауға жататын өнімдер тізімі бар. Олар тізімге енгізілгеннен кейін (санкцияланған тауарлар – ред. ескертпесі) әкімшілендіру жүргізіледі", - деді Шаққалиев.
Министр Қазақстандағы тауарларды бақылау жүйесі санкцияланған тауарларға қатысты өз міндеттемелерін бұзбайтындай етіп құрылғанын атап өтті.
Еске салсақ, 2023 жылдың сәуірінде Еуроодақтың санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О’Салливан Астанаға сапары кезінде Еуропалық Одақ үшінші елдерге, оның ішінде Қазақстанға санкция салуды көздеп отырмағанын айтқан еді.
Ал 2023 жылғы 28 қыркүйек күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинге ресми сапары барысында канцлер Олаф Шольцпен бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасап, Ресеймен қарым-қатынас, санкция мәселесіне де тоқталған еді.
Сол жолы президент Қазақстан санкция режимін мүлтіксіз сақтайтынын мәлімдеді.
"Біз санкия режимін сақтау жөнінде тиісті ұйымдармен ұдайы байланыстамыз. Германия тарапының санкция режимін айналып өту ықтималдығына қатысты ешқандай күмәні болмауға тиіс деп ойлаймын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2054999-qazaqstan-reseige-sankciyaga-ilingen-tauarlardy-tasymaldaityny-ras-pa-sauda-ministri-zauap-berdi/