Қазақстанда 430 әскери қызметшіні бітімгершілік миссияны орындауға жіберу ұсынылды
Жарияланған күні:
Еліміздің 430 әскери қызметшісін төрт елге бітімгершілік миссияны орындауға жіберу ұсынылды. Бұл туралы парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлім болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ миссияларына қатысу үшін Қазақстан қарулы күштері контингентін жіберу туралы ұсынысы парламент палаталарының бірлескен отырысында қаралды.
Осыған байланысты мемлекет басшысының ұсынысын Қазақстанның қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов оқыды.
"Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының (бұдан әрі – БҰҰ) бітімгершілік миссияларына жіберу Қазақстан Республикасы парламентінің 2013 жылғы 20 желтоқсандағы № 15 – V ҚРП, 2018 жылғы 15 маусымдағы № 25 – VI ҚРП және 2022 жылғы 30 маусымдағы № 11 – VII ҚРП қаулыларына сәйкес жүзеге асырылады.
2014 жылдан бастап 67 Қазақстан офицері БҰҰ-ның Батыс Сахарадағы, Кот-д’Ивуардағы, Малидегі, Орталық Африка Республикасындағы және Ливандағы миссияларына әскери байқаушы және штабтық офицер ретінде қатысты. 2018 жылдан бастап Қазақстанның 538 әскери қызметшісі бітімгершілік бөлімше құрамында "БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері" миссиясына қатысты. Қазіргі уақытта Қазақстан әскерилері БҰҰ-ның миссияларында: Батыс Сахарада 6 офицер, Орталық Африка Республикасында 2 офицер, Конго Демократиялық Республикасында 2 офицер, Ливанда 9 әскери қызметші қызмет өткеруде.
БҰҰ басшылығы әскери қызметшілеріміздің жауынгерлік машығына жоғары баға берді және БҰҰ миссияларында Қазақстан бітімгерлерінің санын ұлғайтуды қолдауға дайын екенін білдірді. Қазақстанның көптеген офицері бітімгершілік қызметке жеке үлес қосқаны үшін медалімен наградталып, миссиялар қолбасшылығынан алғыс алды. Бітімгершілік қызметті қолдау және жанжалды реттеу үнемі әлемдік қоғамдастықтың назарында болатынын атап өту маңызды", - деп оқыды Жақсылықов баяндаманы.
Сондай-ақ баяндамада контингентті БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына (операцияларына) жіберу халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосып қана қоймай, сонымен қатар Қазақстанның жаһандық аренадағы ролін арттыруға ықпал ететіні де айтылған.
"Бітімгершілік миссияларын қысқарту аясында бітімгершілік әскери контингентті жеткізуші елдер арасында бәсекелестік артуда. БҰҰ-ның бітімгершілік қызметі шеңберінде Қазақстанның позициясын бекіту мақсатында БҰҰ Жарғысының VII тарауы аясында ("Бейбітшілікке төнетін қатерге, бейбітшілікті және агрессия актілерін бұзуға қатысты іс-қимыл") Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы, Оңтүстік Судан Республикасындағы және Абьейдегі бітімгершілік миссияларына қатысу географиясын біртіндеп кеңейтуді орынды деп санаймын және жалғастыруды ұсынамын.
Геосаяси шиеленістің өршуі жағдайында өңірлік және ұлттық қауіпсіздікке төнетін жаңа сын-қатерлер пайда болуда, олардың бір бөлігі әскери әдістермен ден қоюды талап етуі мүмкін. Осыған байланысты әскердің жауынгерлік даярлығын одан әрі нығайту және қазіргі заманғы қатерге қарсы іс-қимыл жасауда практикалық тәжірибе игеру мәселесі аса өзекті болып табылады", - делінген президент үндеуінде.
БҰҰ-ның миссияларына қатысу Қазақстанның Қарулы Күштеріне әскерлердің жауынгерлік машықтарын жетілдіру үшін пайдаланылатын, бітімгершілік операцияларға тән қажетті жауынгерлік дағдыларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
"Қазақстанның Республикасының Қарулы Күштері әскери байқаушы және штабтық офицер ретінде жекелеген әскери қызметшілерді, сондай-ақ БҰҰ миссияларында барынша сұранысқа ие болып отырған жаяу әскер, медициналық, барлау, инженерлік мамандандырылған бөлімшелерді бөлуге дайын.
"БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлуді байқау күштері" миссиясына резервтегі рота ретінде 139 әскери қызметшіден тұратын бірінші дербес ұлттық бітімгершілік контингентті өзінің әскери техникасымен, қару-жарағымен және мүлкімен жіберуді ерекше атап өту қажет", - делінген ұсыныста.
Сонымен қатар ұсыныста әскери қызметшілерді 2024 жылғы наурыздан бастап орналастыру жоспарланып отырғаны айтылған. Ол үшін БҰҰ-мен тараптардың міндеттемелерін, сондай-ақ контингенттің миссияға қатысуын қаржылық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету мәселелерін айқындайтын халықаралық шарт жасалады (ратификациялануға тиіс). Контингентті және мүлікті тасымалдау Қазақстан тарабының есебінен жүзеге асырылады.
"Орналастыру мерзімі белгіленген нақты бөлімшелер мен операциялар БҰҰ-ның хатшылығымен жұмыс барысында айқындалатын болады. Әрбір орналастыру (бітімгершілік операция) үшін жеке тиісті нормативтік-құқықтық база (меморандум) әзірленеді.
Осы айтылғандардың негізінде Конституциясының 53-бабының
5) тармақшасына сәйкес БҰҰ-ның мына миссияларына:
- "БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлуді байқау күштеріне" (UNDOF, Сирия – Израиль);
- "БҰҰ-ның бітімге келу шарттарының орындалуын байқау жөніндегі органына" (UNTSO, Палестина – Израиль);
- "БҰҰ-ның Оңтүстік Судан Республикасындағы миссиясына" (UNMISS, Оңтүстік Судан);
- "БҰҰ-ның Абьейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі уақытша күштеріне" (UNISFA, Судан) қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің саны 430 адамға дейінгі бітімгершілік контингентін (резервтегі рота, штаб офицерлері, әскери байқаушылар және мамандандырылған бөлімшелер) жіберу жөнінде ұсыныс енгіземін", - делінген ұсыныста.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2056335-qazaqstant-tort-elge-430-oficerdi-bitimgersilikke-ziberuge-usynys-engizildi/