Тоқаев: Жас ұрпақ жасанды идеялар мен "жалған батырлардың" жетегіне ілесіп кетуі мүмкін
Жарияланған күні:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында құқықтық сауаттың төмен болуы жағымсыз үрдістердің белең алуына әкеп соқтыратынын ескертті. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мұндай олқылықтар еліміздің дамуын тежейді, мемлекеттің абыройына нұқсан келтіреді.
"Қоғамдық жерлердегі вандализм – соның айқын көрінісі. Халқымыздың дүниетанымына жат идеология да елімізге зор қауіп төндіреді. Әсіресе, жас ұрпақ жасанды идеялар мен "жалған батырлардың" жетегіне ілесіп кетуі мүмкін. Әлеуметтік желіде жастарды заңсыз іс-әрекет жасауға шақыратын материалдар таралуда. Тіпті, заң бұзған адамдарды үлгі етіп көрсететіндер бар", - дейді президент.
Сондай-ақ Тоқаев азаматтарымыз кез келген заңсыздыққа қарсы болуы керегін, яғни бізге заң бұзушылыққа төтеп беретін мықты иммунитет керегін мәлімдеді.
"Ел ішіне іріткі салатын, қауіп төндіретін әрекеттерді ақтауға қатаң тосқауыл қою керек. Құқықтық нигилизмге, яғни заң үстемдігін жоққа шығаруға жол берілмеуге тиіс. Заңға деген құрмет адал азаматқа тән қасиеттің бірі ретінде дәріптелуі қажет. Бұл – мемлекеттік органдарға ғана емес, барша халыққа ортақ міндет. Қысқасы, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету – Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өткенін хабарлаған едік. Жиынға президент әкімшілігі мен мемлекеттік органдардың басшылығы, өңірлердің әкімдері, ІІМ алқа мүшелері, орталық аппараттың басшылық құрамы және аумақтық полиция департаменттерінің жетекшілері қатысты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2056803-toqaev-zas-urpaq-zasandy-ideyalar-men-zalgan-batyrlardyn-zetegine-ilesip-ketui-mumkin/