Арман Жүдебаев мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметінен босатылды
Жарияланған күні:
Арман Жүдебаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметінен босатылды. Бұл жөнінде үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Арман Әділханұлы Жүдебаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметінен босатылды", - делінген үкіметтің Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәлімдемеде.
Айта кетейік, Арман Жүдебаев мәдениет және ақпарат вице-министрі болып жарты жыл бұрын, 2023 жылғы 10 шілдеде тағайындалған еді.
Премьер-министрдің ресми сайтындағы мәлімет бойынша, Арман Жүдебаев 1986 жылы Алматы облысында дүниеге келген.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған.
Еңбек жолын 2006 жылы "Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрi" РМҚК-да аспаптар оркестрінің әртісі болып бастаған.
2009 — 2011 жылдары — "Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрi" РММ дирижерлеу кафедрасында оқытушы;
2011 — 2013 жылдары — "Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрi" РММ оқытушысы, аға оқытушысы;
2013 — 2018 жылдары — "Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрi" РММ бас дирижері;
2018 — 2023 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры болды.
2023 жылы мамыр айында Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы болып тағайындалған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2058317-arman-zudebaev-madeniet-zane-aqparat-vice-ministri-qyzmetinen-bosatyldy/