"Баяғы жартас – сол жартас" күйінде қалып тұр": Тоқаев жекешелендіруге қатысты олқылықтарды айтты
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы кешенді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін айтып, үкіметке тапсырма берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.
"Экономиканы кешенді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Бұл – мемлекеттің экономикалық үдерістерге тым араласуынан біртіндеп бас тартуға мүмкіндік беретін өте маңызды реформа. Мысалы, отын-энергетика нарығындағы бағаны шектен тыс реттеу мұнай өндірісін төмендетіп, өнім тапшылығын туындатты. Үкімет бұл жағдайдан тиісті қорытынды жасады, ахуал біртіндеп түзеліп жатыр.
Сонымен бірге, ұялы байланыс нарығында олқылықтар көп. Қызмет сапасын әлі де жақсарта түсу керек. Мемлекеттің үлесін біртіндеп азайтып, басы артық шектеу және реттеу шараларын алып тастау қажет. Бұлар экономиканың барлық саласына қатысты маңызды міндеттер. Бақылаусыз монополияны, ресурстарды әділетсіз бөлуді, бәсекенің заңсыз тәсілдерін қолдануды түбірімен жою қажет.
Жекешелендіру тиімді жүргізілген жағдайда ғана экономиканың барынша еркін дамуына жол ашылады. Бұл мәселе бойынша көптеген жоспар жасалды, дегенмен, "баяғы жартас – сол жартас" күйінде қалып тұр. Себебі бұл жоспардың бәрі құр тізім ретінде әзірленді. Онда мүлікті иеліктен шығару қажеттігіне талдау жасалған жоқ, жекешелендірудің нақты шарттары да анықталмаған", - деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жекешелендірілетін кәсіпорындар туралы ақпарат та қолжетімді емес. Жекешелендіру тәсілін таңдау тәртібі де толық реттелмеген. Бұл жағдай сыбайлас жемқорлық қаупін туындатады.
"Үкіметке мемлекеттік меншік тізілімін қайта қарауды және жекешелендіру үдерісінің әдіс-тәсілін нақтылауды тапсырамын", - деді мемлекет басшысы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2059611-us-bagytqa-basa-man-berilui-kerek-toqaev-ukimetke-bir-ai-isinde-liberalizaciya-turaly-zarlyq-azirleudi-tapsyrdy/