Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Жоғарыдан тапсырма берілгенін, жағдайдың нашарлап кеткенін күтіп отырмау керек

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: aqorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысындағы қорытынды сөзінде экономиканың әр саласында түбегейлі реформалар жасалуға тиіс екенін атап өтті, деп хабарлайды Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында.

"Жалпы, өткен жыл еліміз үшін табысты болды деп айтуға болады. Әрине, шешімін таппаған өзекті мәселелер әлі де бар. Сондықтан, еліміздің сапалы дамуы үшін тиісті шешімдерді қабылдауымыз қажет.

Біз алдағы уақытта жаңа экономикалық бағдармен жүреміз десек, Үкімет және әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс. Ұлттық экономиканы өркендету үшін жаңа идеялар және ұзақ мерзімге арналған жүйелі ұстаным қажет.

Біз еліміздің даму қарқынын күшейтуіміз керек. Экономиканы әртараптандырып, шетелден көбірек инвестиция тарту қажет. Үкіметтің басты міндеттерінің бірі – экономикалық қызмет субъектілерінің бәріне бірдей жағдай жасау. Экономикаға жаңа серпін беру үшін Үкімет кәсіпкерлермен, инвесторлармен толыққанды серіктес ретінде тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет", - деді президент

Оның айтуынша, мемлекеттік аппарат барынша тиімді және үйлесімді жұмыс істеуі керек.

"Қағазбастылық, көзбояушылық дегенді доғару қажет. Осындай жағымсыз үдерістердің кесірінен жұрттың реформаға және Әділетті Қазақстанға деген сенімі азаяды. Жоғарыдан тапсырма берілгенін, азаматтардан арыз түскенін немесе жағдайдың нашарлап кеткенін күтіп отырмау керек. Бастама көтеріп, дербес жұмыс істей білу қажет", - деді мемлект басшысы.

Президенттің сөзінше, қазір бүкіл әлем аса күрделі тарихи кезеңде өмір сүріп жатыр, осындай кезеңде мемлекеттердің көпжылдық даму бағдары айқындалады. Сондықтан, біз уақыт талабына сай болып, жылдам әрі батыл қимылдауымыз керек, деді ол.

"Жалаң сөзге уақыт кетірмей, нақты әрекет жасап, саяси жауапкершілік таныту қажет. Дәл қазіргі кезеңде әрбір күннің қадірін дұрыс түсініп, қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдалануымыз керек. Әйтпесе, жаһандық бәсекеге ілесу қиын болады.

Табысқа жету үшін мемлекет пен қоғам ортақ мүдде жолында әрдайым бірге болуы керек. Біз өркениетті ұлт ретінде тек жарқын болашаққа ұмтылып, тек алға қарай қадам басуымыз қажет. Қазір Үкімет айрықша құзыретке ие болды. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану керек. Шұғыл түрде тиісті шешімдерді қабылдау қажет.

Мен бүгін бірқатар маңызды мәселеге тоқталдым. Әрине, басқа да өзекті мәселелер бар. Үкіметтің алдында тұрған міндеттер – өте маңызды. Дереу жұмысқа кірісу керек. Түптеп келгенде, экономиканың әр саласында түбегейлі реформалар жасалуға тиіс", - деді мемлекет басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2059634-toqaev-zogarydan-tapsyrma-berilgenin-zagdaidyn-nasarlap-ketkenin-kutip-otyrmau-kerek/