Астана агломерациясының елді мекендерінде 300 шақырым жол салынады
Жарияланған күні:
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында 300 шақырым жол салынып, 400 шақырымнан астам жол жөнделетінін атап өтті. Сондай-ақ 3 көпір салу жоспарланған. Бұл туралы үкімет сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қаралды.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров қазіргі уақытта Астана агломерациясының аумағына Астана қаласы (агломерацияның өзегі) және өңір халқының 40 пайызы тұратын Қосшы қаласымен бірге Ақмола облысы үш ауданының 40-тан астам елді мекені кіретінін баяндады.
Жалпы, соңғы 10 жылда Астана тұрғындарының саны 46 пайызға өсті. Бұл ретте, болжамды деректерге сәйкес, 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш 2,3 млн адамға дейін артады.
Астана агломерациясын дамытудың кешенді жоспарында 1,13 трлн теңгеге 329 іс-шараны іске асыру көзделген. Аталған жоспар қала құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, экологиялық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Мәселен, агломерацияны аумақтық дамыту шеңберінде елорда мен Ақмола облысының даму жоспарларын сәйкестендіретін бірыңғай қала құрылысы саясатын әзірлеу жоспарланған. Жалпы ауданы 940 гектардан асатын эко қалашықтар құру көзделіп отыр, олардың аумағында шағын бизнес жүргізуге арналған үй-жайлары бар тұрғын үйлер салынатын болады.
Агломерацияның көлік-логистикалық инфрақұрылымы мәселелерін шешу мақсатында электровоздарға қызмет көрсететін логистикалық 6 кешен мен сервистік орталық салу, сондай-ақ қала маңындағы тұрақты маршруттарды субсидиялау шаралары қарастырылған.
Сонымен қатар агломерация елді мекендерінде 400 шақырымнан астам жол жөнделіп, 300 шақырым жол және 4 көпір салынады. Сондай-ақ 70 шақырым кәріз жүйесін, 500 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін, 800 шақырым электр желісін, 3 қазандық т.б. салу және реконструкциялау жоспарланған.
Азық-түлік белдеуін дамыту және инвестициялар тарту үшін 25 азық-түлік өндіру нысаны, 12 өнеркәсіптік тауарлар өндіру кәсіпорны салынады және Аршалы ауданында жалпы ауданы 300 гектар индустриялық аймақ құрылады.
Айта кетейік, Астана агломерациясы бірінші деңгейдегі агломерация болып саналады, оның құрамына орталық - Астана қаласы және Қосшы қаласының 46 елді мекені және Ақмола облысының үш ауданы: Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандары кіреді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2063312-astana-aglomeraciyasynyn-eldi-mekenderinde-300-saqyrym-zol-salynady/