Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев Сауд Арабиясы Корольдігінің энергетика министрін қабылдады

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев,  Абдулазиз бен Салман Әл Сауд
Қасым-Жомарт Тоқаев, Абдулазиз бен Салман Әл Сауд. Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы Корольдігінің энергетика министрі Абдулазиз бен Салман Әл Саудты қабылдады, деп хабарлады Ақорда.

Ақорданың ресми сайтының жазуынша, кездесу барысында Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы энергетикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-сауд қатынастарының бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін атап өтіп, Сауд Арабиясының тақ мұрагері, премьер-министрі Мұхаммед бен Салман Әл Саудпен арадағы уағдаластықтар барлық секторда екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін бергенін еске салды.

"Сіздің сапарыңызды екі мемлекет арасындағы достық пен тығыз байланыстардың айқын көрінісі ретінде қарастырамыз. Мен сіздің ғажайып еліңізге жасаған сапардан естен кетпес әсер алдым. Сапар, шын мәнінде, табысты болды. Біз көптеген мәселе бойынша, әсіресе, энергетика секілді маңызды салада ынтымақтастық орнату туралы уағдаластықтарға қол жеткіздік. Екіжақты қарым-қатынастың болашағы жарқын болатынына сенімдімін. Өзара ынтымақтастығымыз стратегиялық сипатқа ие. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Жоғары Мәртебелі Мұхаммед бен Салманға ізгі тілегімді жолдағым келеді", - деді мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Абдулазиз бен Салман Әл Сауд құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

"Біз Қазақстанмен арадағы тарихи тамыры терең қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. Қазақстан тәуелсіздігін алған кезде Сауд Арабиясы көмек қолын созған алғашқы елдердің бірі болды", - деді министр.

Бұдан бөлек, кездесуге қатысқан Саудияның ACWA Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Абунайян Жетісу облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салу жөніндегі бірлескен инвестициялық жобаның перспективалары, сондай-ақ Қазақстанмен "жасыл" энергетика саласындағы өзара ықпалдастық жоспары жайында айтты.

Кездесу соңында Қазақстан Республикасының үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің үкіметі арасында жел электр станциясын салу жөніндегі бірлескен жобаны іске асыру туралы келісімге қол қойылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2065094-toqaev-saud-arabiyasy-koroldiginin-energetika-ministrin-qabyldady/