Тоқаев: Қазақстан Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт келісімнің тезірек жасалуына мүдделі
Жарияланған күні:
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға мемлекеттік сапары алдында сол елдің АPА ақпарат агенттігіне сұхбат берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Мемлекет басшысы сұхбат барысында өзге де мәселелермен қатар таулы Қарабах мәселесіне тоқталып, Қазақстан Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімнің тезірек жасалуына мүдделі екенін атап өтті.
"Біз қазірдің өзінде Қарабақтың қалай серпінді түрде жанданып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл өңірде көптеген жасампаз жұмыс атқарылуда. Көлік, әлеуметтік және туризм инфрақұрылымы белсенді дамып, әуежайлар, қонақ үйлер, тұрғын үйлер мен мектептер салынуда.
Әрине, бұл игілікті істен біз де қалыс қала алмадық. 2022 жылдың тамыз айында Бакуге барған сапарымда мен қазақ халқының Әзербайжанға тартуы ретінде Физулиде Құрманғазы атындағы балалар шығармашылық орталығы салынатынын хабарлаған едім.
Осы жолғы сапарымның бағдарламасында сол Орталықтың ресми ашылуы қарастырылған. Бұл мекеме елдеріміз бен халықтарымыздың достығының, бауырластығының және өзара қолдауының тағы бір символына айналары сөзсіз.
Біздің компаниялар Қарабақты жаңғыртуға қатысуға мүдделі екенін тағы да растағым келеді. Әзербайжан басшылығына қазақстандық компанияға Физули қаласындағы орталық аймақтық аурухана құрылысының жобасын ұсынғаны үшін алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта Қазақстан Республикасы компанияларының қатысуымен осындай жобалар көп болады деп ойлаймыз.
Бірлескен күш-жігердің арқасында Қарабақ жаңа бояулармен әрленіп, Әзербайжанның жасампаз саясатының үлгісіне айналатынына сенімдімін. Аймақтың инфрақұрылымын қалпына келтіру тек Әзербайжанның ғана емес, бүкіл Оңтүстік Кавказдың дамуына ықпал етеді.
Бұған қоса Қазақстан Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімнің тезірек жасалуына мүдделі екенін атап өткім келеді. Қазақстан халықаралық бітімгерлік бастамалардың бастамашысы және қолдаушысы ретінде бүкіл еуразиялық аймақтың бейбіт және тұрақты дамуына бағытталған кез келген күш-жігерді қолдауға дайын", - деді президент Әзербайжанның ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11-12 наурызда Әзербайжан Республикасына мемлекеттік сапармен баратынын жазған едік.
Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің алғашқы отырысына қатысады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2065716-toqaev-qazaqstan-azerbaizan-men-armeniya-arasynda-beibit-kelisimnin-tezirek-zasaluyna-muddeli/