"Ескерткіштер елі": Тоқаев шежірені саясатпен аралыстырмауға шақырды
Жарияланған күні:
Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шежіре мәселесіне тоқталып, ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып бара жатқанын сынға алды. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Әрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан, шежіре біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ біз тек қана осы түсінікпен шектеліп қалмауымыз қажет. Ең бастысы, бұл мәселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды", - деді президент.
Оның айтуынша, соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады.
"Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті, шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған "Ескерткіштер елі" деп айтатын болды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ономастика саласында белгілі тарихи тұлғалармен қатар, жалпыұлттық құндылықтар да назардан тыс қалмауға тиіс екенін атап өтті.
Оның пайымдауынша, Тәуелсіздік, Республика, Бірлік сияқты мемлекеттілігіміздің басты тұғыры саналатын негізгі ұғымдарға баса мән беру керек.
"Елдігімізді сақтаймыз, мықты мемлекет боламыз десек, осының бәрін естен шығармаған абзал", - деп түйіндеді сөзін мемлекет басшысы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2069049-eskertkister-eli-toqaev-sezireni-sayasatpen-aralystyrmauga-saqyrdy/