"Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады": Тоқаев Елтаңбаны өзгерту мәселесін қарастыруды тапсырды
Жарияланған күні:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып жүргенін, мемлекеттік нышанға қатысты ортақ келісімге келгеннен кейін Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланатынын мәлімдеді. Бұл жөнінде Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Ұлттық бірегейлігіміз мемлекеттік рәміздерде айқын көрініс тапқан. Мен былтыр аймақтардың нышанын, яғни символикасын жүйелеп, бірыңғай стандартқа келтіру қажеттігін айттым. Нышандардан сол өңірдің ерекшелігімен қатар, еліміздің болмыс-бітімі де байқалуға тиіс.
Қазір осы бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Бұған мамандар, сарапшылар және белсенді азаматтар атсалысуда. Сонымен қатар олар Мемлекеттік нышандарымызды түгел жаңғырту туралы пікір айтып жатқанын білемін", – деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Көк туымызда мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді.
"Қазақтың әнұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды. Бір сөзбен айтсақ, әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан.
Ал Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болатынын, комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізетінін, сонан соң Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланатынын атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2069082-oryndy-paiymdar-eskerusiz-qalmauy-kerek-qazaqstannyn-eltanbasy-ozerui-mumkin/