Мемлекет басшысы Қазақстанның халық әртісі Жәния Әубәкіровамен кездесті
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық әртісі Жәния Әубәкірованы қабылдады. Кездесуде еліміздегі мәдениет саласының дамуы мен өзекті проблемалары талқыланды, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Жәния Әубәкірова президентке жеке шығармашылығы мен өзінің авторлық мектебінің жұмысы туралы баяндады. Сонымен қатар ұзақ уақыт бойы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры болған маман музыкалық жоғары білім саласы туралы ой-пікірін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жәния Әубәкірованың қоғамдық мәселелерге қатысты ұсыныстарын тыңдап, өнер саласындағы бастамаларына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Алматыға жұмыс сапары барысында бірқатар кездесу өткізді.
Президент алдымен Алматы әкімі Ерболат Досаевты қабылдап, оңтүстік астаның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде сөйлесті.
Сонымен қатар мемлекет басшысы сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаевпен кездесті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2071995-memleket-bassysy-qazaqstannyn-xalyq-artisi-zaniya-aubakirovamen-kezdesti/