"Қазақстан өз үлесін қосуға дайын": Тоқаев АҚШ сенаторымен терроризмге қарсы күресті талқылады
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ сенаторы Стив Дэйнсті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ сенатының мүшесі Стив Дэйнске ілтипат білдіре отырып, Қазақстан мен Американың ынтымақтастығы дәстүрлі түрде қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен. Сонымен қатар екіжақты қатынастарда парламенттік дипломатия маңызды рөл атқаратынын айтқан.
Кездесу барысында сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелері қарастырылған. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде инвестиция тарту, экономиканы ырықтандыру және өнеркәсіпті дамыту ісіне ерекше назар аударылып отырғанын мәлімдеген.
Президенттің айтуынша, энергетика, пайдалы қазбаларды барлау әрі өңдеу, инфрақұрылымды жаңғырту және басқа да салалар қазақ-американ қарым-қатынастарының негізгі бағыттары саналады. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселесіне баса мән берілген.
Бұл ретте президент Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекетті Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып қатаң айыптағанын және осындай қиын-қыстау кезеңде Ресеймен бірге екенін атап өткен.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, барлық ел терроризмге қарсы күресте өзара қарым-қатынастарындағы қайшылықтарға қарамастан, үлкен халықаралық коалиция аясында күш біріктіруге тиіс. Қазақстан осы маңызды іске өз үлесін қосуға дайын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2073387-toqaev-aqs-senatory-stiv-deinsti-qabyldady/