Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай режимі жарияланды
Жарияланған күні:
Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді. Бұл туралы өңір әкімдігінің Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Тиісті шешімге өңір әкімі Нариман Төреғалиев қол қойды.
Төтенше жағдайды жою басшысы болып БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов тағайындалды.
Айта кетейік, өңірде су тасқынына байланысты жағдай күрделі. Облыстың Сырым, Теректі, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында тұрғын үйлер су астында қалды.
Ресейде пайда болған 5 трансшекаралық өзенде су деңгейі жоғарылаған. Салдарынан Қазталов және Жаңақала аудандарына баратын Қараөзен және Сарыөзен өзендеріндегі су деңгейі көтеріліп жатыр. Қазіргі уақытта бұл өңірлерде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Шаған мен Деркөл өзендері қауіпті деңгейге жетті, Жайық өзеніндегі су деңгейі көтеріліп барады.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 4 мыңға жуық адам эвакуацияланды, олардың жартысы балалар. Су тасқынынан зардап шеккендер үшін жедел-эвакуациялық пункттер ұйымдастырылып, қажетті жағдайлар жасалып жатқаны айтылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2077424-batys-qazaqstan-oblysynda-totense-zagdai-rezimi-zariyalandy/