Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан Ресейдегі су тасқынына ықпал етіп отыр ма: министрлік ресейлік шенеуніктің сөзіне жауап қатты

Жарияланған күні:

Су көпірді бұзып ағып жатыр
Ақтөбе облысындағы жағдай. Фото: primeminister.kz

Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі Ресей президентінің Уральск федералдық округінің өкілетті өкілі Владимир Якушевтің мәлімдемесіне жауап қатты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Владимир Якушев РБК эфирінде Ресейдің Қорған және Түмен облыстарындағы су тасқыны жағдайында "Қазақстандағы су қоймалары жүйесі деген факторға назар аудару керек" деген. Ол "бұл су қоймаларынан су жіберілгенде келісілуі керек" деп мәлімдеген.

Оның бұл сөзіне Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі жауап берді.

"Тобыл өзенінің бойындағы су Ресейден келеді. Тиісінше, су жіберу туралы шешім Ресей тарапынан келетін ағынға сай қабылданады. Сондықтан, Қазақстан Ресейдегі су тасқынына әсер етеді деп айту дұрыс емес. Бұл шындыққа жанаспайды", - деп мәлімдеді Қазақстан тарабы.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, 2 сәуірден бастап Қазақстан жағы Ресей тарапына Тобыл өзені бойынша су өткізу жөніндегі шешімдер туралы ақпарат беріп отыр.

"Тараптар тәулік бойы су ағынының ұлғаюына немесе азаюына қарай мәлімет алмасады. Сол себепті кез келген келісілмеген әрекет туралы сөз жоқ. Қазақстандық тарап Ресей жағымен сыйластық, көршілік әріптестік рухында ынтымақтастықты әрі қарай жалғастыруға, ақпарат алмасуға дайын", - делінген хабарда.

Еске салайық, биылғы наурыздың аяғынан бері Қазақстанның солтүстік-батыс өңірлері мен Ресейдің оңтүстік батыс аумағында еріген қар суы басып, бірнеше елді мекенді, оның ішінде қалаларды су алған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2082605-qazaqstan-reseidegi-su-tasqynyna-yqpal-etip-otyr-ma-ministrlik-reseilik-seneuniktin-sozine-zauap-qatty/