Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Президент: Бізге жасанды интеллектіні дамытатын тиісті институттар керек

Жарияланған күні:

Компьютер алдында отырған роботтар
Жасанды интеллект. Көрнекі фото: pixabay.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында жасанды интеллектіні дамытатын институттар керек екенін айтты. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Президент өз сөзінде елімізде жасанды интеллект қауіпсіздік жүйесі, медицина, банк қызметі, логистика, білім беру салаларына ойдағыдай енгізіліп жатқанын атап өтті. Осы технологияны меңгерген мықты компаниялар да пайда болды.

Соған қарамастан, жасанды интеллект индустриясын одан әрі дамыту үшін мемлекет кешенді қолдау көрсетуі керек. Мәліметтер мен технологиялық инфрақұрылым барынша қолжетімді болуы керек. Сондықтан қолайлы экожүйе қалыптастыру қажет.

Сонымен қатар бізге жасанды интеллектіні дамытатын тиісті институттар керек. Қазір үкімет Жасанды интеллектіні дамыту стратегиясын және Цифрлық кодексті әзірлеп жатыр.

Бұл құжаттар аталған саладағы зерттеу жұмыстарына және әзірлемелерді іс жүзінде қолдануға жағдай жасауы керек. Сондай-ақ бизнес пен жоғары оқу орындары үшін технологиялық инфрақұрылымдар мен мәліметтер базасын қолжетімді етуге тиіс. Жасанды интеллектіні адамзат игілігіне қызмет ету үшін дамыту маңызды. Сондықтан этикалық стандарттарды белгілеу, мәліметтерді қорғау және осы саладағы киберқауіптің алдын алу ісіне ерекше мән берген жөн", - деді мемлекет басшысы.

Бұл ретте ол жасанды интеллектіні реттеу мәселесі бүгінде ұлттық және жаһандық деңгейде жиі талқыланып жүргенін атап өтті. Мысалы, жақында ЕуроОдақта (Artificial Intelligence Act) тиісті заң қабылданды.

"Цифрлық дәуір жаңа активтің, яғни деректердің пайда болуына ықпал етті. Олар жасанды интеллект пен машиналық үйренудің негізгі шикізаты саналады. Сондықтан мемлекеттік органдар мен оларға бағынышты ұйымдардың деректер қорын интеграциялаумен белсенді айналысу керек.

Күрделі ғылыми міндеттерді шешу және қолданбалы жобаларды жүзеге асыру үшін жақын арада елімізде жасалып, іске қосылатын суперкомпьютерлердің мүмкіндігін барынша жұмылдыру қажет.

Дербес тіл моделін әзірлеу – жасанды интеллект саласындағы болашағы зор бағыттың бірі. Қазір қазақ тілі моделін жасау жұмысы қолға алынып жатыр. Осы жұмысқа сегіз ғылыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орнынан тұратын консорциум тартылды. Бұл бастама цифрлық дербестігімізді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мемлекеттік тілді дамытуға мықты серпін береді", - деді президент.

Сондай-ақ мемлекет басшысы жасанды интеллект саласында маман тапшылығы мәселесін сөз етті.

"Бұл мәселені тез арада шешу қажет. Әрине, нақты жұмыстар да атқарылып жатыр. Еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарында Google және Huawei сияқты көшбасшы компаниялардың арнайы курстары ашылды. Корея, Қытай елдеріндегі жетекші білім ордаларымен келісімге қол жеткіздік. Білім алмасып, мамандарды бірлесе даярлау туралы уағдаластық бар.

Бізге өскелең ұрпақтың жаңа цифрлық технологияны еркін меңгергені керек. Сол үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім бағдарламаларын қайта қарау қажет. Әсіресе, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін үйренуге баса мән берілуге тиіс", - деді ол.

Президент жалпы үкімет жасанды интеллект саласын жан-жақты дамытуға барынша назар аударуы керек екенін бас айтты.

"Бұл жұмыста Ұлттық кеңес мүшелерінің әлеуетін пайдаланған абзал. Кеңес құрамындағы жұмыс тобына ұсынылған сарапшылар тізімін бекітуді тапсырамын. Олар жасанды интеллект индустриясындағы өзекті мәселелерді шешуге белсене қатысуға тиіс", - деп түйіндеді ойын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2083763-prezident-bizge-zasandy-intellektini-damytatyn-tiisti-instituttar-kerek/