Тоқаев су басқан өңірлерге жеті вице-министрді жіберу қажет екенін айтты
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-жомарт Тоқаев Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне тұрғын үйлерді, әлеуметтік инфрақұрылымды, коммуналдық шаруашылық нысандарын қайта қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру үшін жедел топ жасақтау жөнінде тапсырма берді, деп хабарлайды Ақорда.
"Су басқан өңірлердің әкімдері қажетті қаржыландыру туралы есепті жедел штабқа тез арада беруі керек. Сондай-ақ аумақты қоқыстан, қираған үйлер мен құрылыстардың үйінділерінен тазартқан жөн. Зардап шеккен өңірлерге Ауыл шаруашылығы, Көлік, Денсаулық сақтау, Су ресурстары, Төтенше жағдайлар, Экология, Ғылым және жоғары білім вице-министрлерін жіберу қажет. Айтпақшы, су тасқынына ұшырамаған өңірлерде менің тапсырмаммен "Таза Қазақстан" науқаны басталды. Мен әкімдердің бәріне бұл бірреттік науқан емес екенін ескерттім.
Басқаша айтқанда, сенбілікке шығып, жұмыс істеген сыңай танытып, көзбояушылық жасауға болмайды. Көршілес елдердегі секілді бізге де Қазақстанды көгалдандыру, өңірлер мен қалалардың аумақтарын тазарту жұмыстарын үнемі жүргізу керек",– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы азаматтар үшін тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізу жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ жыл соңына дейін су тасқынына қарсы шараларды басқарудың ұзақмерзімді стратегиясын анықтап, тиісті бағдарламалық құжаттарды қабылдау міндетін жүктеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2084018-toqaev-su-basqan-onirlerge-zeti-vice-ministrdi-ziberu-qazet-ekenin-aitty/