"Бізді ортақ тарих байланыстырады": Тоқаев Армения президенті Ваагн Хачатурянмен кездесті
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Армения президенті Ваагн Хачатурянмен кездесті, деп хабарлайды Ақорда Telegram-дағы арнасында.
Қазақстан президенті Арменияға алғашқы ресми сапарына ерекше мән беретінін атап өтті.
"Армения Қазақстан үшін маңызды, өте мағыналы серіктес болып табылады. Ежелгі өркениет бастау алған тарихы мен мәдениеті бай армян халқының жеріне ыстық ықыласпен, ерекше сезіммен келіп отырмын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, премьер-министр Никол Пашинянмен жүргізген келіссөздер барысында күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты әрі нәтижелі талқыланған.
"Қазақ-армян қатынастарын жан-жақты нығайтуға қатысты өзара ұмтылысымызды растадық. Бұл бүгінгі келіссөздердің – басты нәтижесі. Біз маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік. Қазақстан мен Арменияның көпжақты өзара ықпалдастығын одан әрі нығайту жоспарын нақтыладық. Сондай-ақ халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі мәселелерді қарастырдық", – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ваагн Хачатурян қазақ-армян ынтымақтастығына қатысты бірқатар өзекті мәселені талқылап, саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастыққа баса назар аударды.
Армения президенті мемлекет басшысының Ереванға сапары тарихи маңызға ие екенін атап өтіп, келіссөздердің қорытындысы екі ел арасындағы байланыстарды нығайту үшін берік іргетас қалыптастыратынын, мемлекетаралық қатынастарды жаңа деңгейге көтеретінін жеткізді.
"Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Армения арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға және нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін. Бізді ортақ тарих пен қазіргі қарым-қатынастар байланыстырады. Қазіргідей күрделі кезеңде өзара ынтымақтастықты дамытып жатырмыз. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан барлық бағытта табысқа қол жеткізіп отырғанына куәміз. Мен Сізге және барша қазақ халқына жаңа жетістік тілеймін", – деді Ваагн Хачатурян.
t.me/aqorda_resmi
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2085155-oqaev-armeniya-prezidenti-vaagn-xacaturyanmen-kezdesti/