Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев Берік Арынды қызметінен босатты

Жарияланған күні:

Берік Арын
Берік Арын. Фото: Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшілігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Берік Арынды Қазақстанның бірнеше елдегі елшісі қызметінен босатты. Бұл туралы Ақорда Telegram-дағы арнасында хабарлады.

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Берік Сақбайұлы Арын Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі, Қазақстан Республикасының Бахрейн Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымдарынан босатылды", - делінген жарлықта.

Берік Арын 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде шығыстанушы-филолог мамандығын бітірген. Кейін 2007 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетінде құқықтану бакалаврын тәмамдаған. Ал 2020 жылы Еуразия ұлттық университетінің Аймақтану магистрі атанды. Ол қазақ, орыс, араб, ағылшын тілдерін меңгерген.

Еңбек жолын 1987-1989 жылдары әскер қатарында қызмет атқарып бастаған.

1994-1996 жылдары – Сыртқы істер министрлігінің атташесі;

1996-2001 жылдары – Қазақстанның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі елшілігінде түрлі дипломатиялық лауазымдарда жұмыс істеді;

2001-2002 жылдары – Сыртқы істер министрлігі Азия, Таяу Шығыс және Африка департаментінің бөлім бастығы;

2002-2006 жылдары – Қазақстанның Мысыр Араб Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі;

2006-2007 жылдары – Президент Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығының бас инспекторы;

2007-2009 жылдары – сенат аппаратының парламентаралық байланыстар және парламентаралық ынтымақтастық бөлімінің меңгерушісі болды;

2009-2011 жылдары – сенат аппараты басшысының орынбасары;

2011-2016 жылдары – Қазақстанның Мысыр Араб Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі;

2012-2016 жылдары – Қазақстанның Марокко Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін қоса атқарды. Сол жылдары Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ислам ұйымының Атқарушы кеңесіндегі Қазақстанның өкілі (ИСЕСКО) болған. Сондай-ақ Қазақстанның Араб мемлекеттерінің лигасы жанындағы тұрақты өкілі қызметін атқарды;

2013-2014 жылдары – Қазақстанның Африка Одағы жанындағы тұрақты өкілі;

2015-2016 жылдары – Қазақстанның Алжир Халық Демократиялық Республикасындағы, Тунис Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін қоса атқарған;

2016-2017 жылдары – Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі болған;

2017-2019 жылдары – Қоғамдық даму вице-министрі лауазымына тағайындалды;

Ал 2019 жылдан бастап Қазақстанның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Ислам Ынтымақтастық Ұйымы жанындағы тұрақты өкілі қызметін атқарған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2086949-toqaev-berik-aryndy-qyzmetinen-bosatty/