Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев Қазақстан паспорты туралы: Оны бүкіл әлем заманауи озық мемлекеттің құжаты ретінде таниды

Жарияланған күні:

Қазақстан паспорты
Қазақстан паспорты. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Қазақстан Республикасының кез келген азаматы әлемнің қай түкпірінде жүрсе де біздің мемлекетіміздің қорғауында болады. Бұл турлы президент Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясындағы сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

"Мемлекеттік саясаттың басты өзегі және жалпыұлттық бірегейлікті нығайтатын негізгі фактор – бірлік. Ортақ Отанымыздың тағдырына жанашырлығымыз біздің азаматтық сана-сезіміміздің өзегі болып қала береді. Ал ұлттық толеранттық, өткен заманның дәстүрлеріне және түрлі мәдениетке деген құрмет, мемлекеттік тілді және басқа да тілдерді білу – Қазақстан азаматтарына тән қасиеттер.

Бұдан бөлек, мен аспан түстес төлқұжатымыз еліміздің жалпыұлттық бірегейлігінің ең қарапайым әрі түсінікті белгісі екенін үнемі айтып жүрмін. Көк паспорты бар әрбір адам ұлтына, көзқарасы мен наным-сеніміне қарамастан, Қазақстан азаматының барлық құқығын иеленеді. Қазақстан Республикасының кез келген азаматы әлемнің қай түкпірінде жүрсе де біздің мемлекетіміздің қорғауында болады. Біз ешқашан өз азаматтарымызды тағдыр тәлкегінде қалдырмаймыз", - деді президент

Мемлекет басшымсы жер жүзін коронавирус індеті жайлап, көптеген ел шекарасын тарс жапқанда Қазақстан дереу өз азаматтарын жер шарының әр қиырынан елге әкелуді ұйымдастырғанын атап өтті.

"Сондай-ақ біз 2021 жылы Ауғанстандағы, 2023 жылы Газа секторындағы ахуал күрт шиеленіскенде азаматтарымызды ол жақтан шұғыл шығарып алдық. Әр жолы, қандай да бір елде азаматтарымызға қауіп төнсе, біз олардың Отанына тезірек оралуы үшін жедел шаралар қабылдаймыз.

Біздің көк паспортымызға еліміздің тұғыры саналатын басты құндылықтардың бәрі сыйып тұр. Оны бүкіл әлем заманауи озық мемлекеттің құжаты ретінде таниды. Қазақстан азаматтары ондаған мемлекетке визасыз бара алады және біздің табанды жұмысымыздың арқасында мұндай елдердің қатары көбейіп келеді. Қазір Қазақстан Әлем төлқұжаттары индексінде 66-орында тұр. Бұл – жаман көрсеткіш емес.

Бұдан бөлек, соңғы жылдары Қазақстан азаматтығынан бас тартқан адамдардың саны айтарлықтай азайды. Осының бәрі еліміздің тұрақты дамып келе жатқанын, біздің елге қызығушылықтың арта түскенін және мемлекетіміздің халықаралық беделі жоғары екенін көрсетеді", - деді президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2090972-toqaev-qazaqstan-pasporty-turaly-ony-bukil-alem-zamanaui-ozyq-memleketting-quzhaty-retinde-tanidy/