Тоқаев: Қоғамда алауыздық тудыратын кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет
Жарияланған күні:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде заң мен тәртіптің әрдайым және барлық жерде сақталуы, заң үстемдігінің сөзбен де, іспен де орнығуы маңызды екеніне тоқталды. Бұл сөздерді президент Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
"Билік елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шара қолданатын болады. Кім айтса да, мұндай бағыттағы түрлі қитұрқылық пен пәлеқорлықты қоғам қатаң сынға алады, құқық қорғау органдары да соған сәйкес әрекет жасайды.
Қоғамда алауыздық тудыратын кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет. Азаматтарымыздың бізге қатысы жоқ ақпарат майданына араласып, өшпенділікті насихаттауы еліміздегі тұрақтылыққа және қоғамдық келісімге зор қатер төндіреді. Әрқайсымыз азаматтардың құқығы тең және еркін болуын қамтамасыз ететін Ата Заңымыздың әрбір сөзін бұлжытпай ұстануымыз қажет. Заң мен тәртіптің әрдайым және барлық жерде сақталуы, заң үстемдігінің сөзбен де, іспен де орнығуы маңызды", - деді мемлекет басшысы.
Президентьің айтуынша, басты міндет – қоғамда өзара құрмет пен сенімді нығайта түсу.
"Сондай-ақ діни, аймақтық немесе әлеуметтік-экономикалық алшақтықты болдырмау үшін баршаға ортақ жаңа қағидаттар мен ұстанымдар ойластыру. Ассамблеяның осы күрделі мәселеге байланысты атқарып жатқан қызметі айрықша маңызды", - деді президент.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2090990-toqaev-qogamda-alauyzdyq-tudyratyn-kez-kelgen-areketke-qatang-tosqauyl-qoiu-qazhet/