Тоқаев: Төтенше жағдайлар министрлігінің техникалық базасын жаңартамыз
Жарияланған күні:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясындағы сөйлеген сөзінде Ұлттық гидрогеология қызметі қайта құрылып, олар жер асты су ресурстарын барлау және қорғау жұмысымен айналысатынын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.
"Төтенше жағдайлар министрлігінің техникалық базасын жаңартамыз. Оның арнайы техникасының, тікұшақтары мен ұшақтарының санын көбейтеміз. Ұлттық гидрогеология қызметі қайта құрылады. Бұл қызмет жер асты су ресурстарын барлау және қорғау жұмысымен айналысады.
Қоршаған ортаның жай-күйіне бәріміз жауаптымыз, мұны естен шығармау керек. Қоғамда экология мәдениетін қалыптастырып, табиғатты аялау қағидасын дәріптеген жөн. Менің бастамаммен елімізде "Таза Қазақстан" жалпыұлттық науқаны өтіп жатыр. Мұндай шаралар су тасқыны болған аймақтарда да ұйымдастырылады. Ескертемін, бұл – ешқандай да бір реттік іс-шара емес. Барлық өңірде аумақтарды көгалдандыруға және тазалауға көп көңіл бөлу керек. Әркім ортақ іске үлес қосатын болса, еліміз көркейе түседі", - деді президент.
Мемлекет басшысы қалалар мен ауылдарды абаттандыру қажет екенін айтты.
"Әрбір үй, аула, тұрғын үй кешені, саябақ және басқа да нысандар әкімдердің де, жұртшылықтың да назарынан тыс қалмауға тиіс. Саламатты әрі жайлы орта қалыптастырамыз десек, азаматтар барынша белсенділік танытуы керек. Қоғам мүлкіне залал келтіретін адамдарды заңмен жауапқа тартамыз.
Әкімдер үкіметпен бірлесіп жергілікті жолдарды жөндеуге кірісуі қажет. Бұл жұмыстар әкімдердің қызметін бағалайтын негізгі индикаторлар тізіміне енгізіледі", - деді президент.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2091014-toqaev-ulttyq-gidrogeologiia-qyzmeti-qaita-qurylatynyn-aitty/