Қазақстанда Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылды: ол немен айналысады
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Жолдауын іске асыру аясында "Қазгидрогеология" ұлттық гидрогеологиялық қызметі құрылды. Үкіметтің тиісті қаулысына ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Жаңа қызмет жер асты суларының кен орындары мен учаскелеріне, сондай-ақ су жинағыш гидрогеологиялық ұңғымаларына толық түгендеу жүргізеді деп жоспарланған. Соның нәтижесінде пайдалану қорлары мемлекеттік балансқа енгізілген 4300-ден астам зерттелген жерасты суларының кен орындары мен учаскелерін қамтитын ауқымды деректер базасы құрылуға тиіс.
Сонымен қатар "Қазгидрогеология" жерасты сулары мониторингінің автоматтандырылған жүйесін енгізе отырып, гидрогеологиялық саланы кешенді цифрландырумен айналысады.
Жаңа қызмет аясында Қазақстанның су тапшылығы бар өңірлерінде жер асты су ресурстарының көлемін ұлғайту үшін іздестіру-барлау жұмыстарын жүзеге асыру көзделген. Сонымен қатар халықты және экономика салаларын жер асты суымен, оның ішінде суару мақсаттары үшін қамтамасыз ету бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізілетін болады.
Жер асты суларын іздестіру, барлау және гидрогеологиялық ұңғымаларды бұрғылау қызметін лицензиялау, сондай-ақ жылу энергетикасы, жылыжай және балық шаруашылықтарының қажеттіліктері үшін жер асты суларының геотермалдық ресурстарын (баламалы энергия көзі) пайдалану бойынша тәжірибелік жұмыстар жүргізу жоспарлары да бар.
Белгіленген шаралар су шаруашылығы саласындағы басқару міндеттерін барлық деңгейде тиімді шешуге мүмкіндік береді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2093948-qazaqstanda-ulttyq-gidrogeologiialyq-qyzmet-quryldy-ol-nemen-ainalysady/