Алматыда Армения мен Әзербайжан арасындағы келіссөз басталды
Жарияланған күні:
Бүгін, 10 мамырда Алматыда Әзербайжан сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов пен Армения сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян арасында келіссөз басталды. Кездесу Достық үйінде өткізіледі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Кездесу басында Қазақстанның сыртқы істер министрі Алматы жерінде қонақтарды қарсы алып, мегаполистің дамуы туралы айтып берді.
Сондай-ақ ол Алматының ТМД-нің көптеген елі үшін маңызды тарихи оқиғалардың эпицентрінде болғанын атап өтті. Ол мысал ретінде бұрынғы КСРО-ның 11 елі қол қойған 1991 жылғы Алматы декларациясына қол қою рәсімін баяндады.
Сондықтан, министрдің айтуынша, бүгінгі келіссөзге дәл осы қала таңдалғаны кездейсоқ емес. Өз сөзінің соңында Армения және Әзербайжан Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктестері екенін атап өтті.
Кейін Әзербайжанның сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов сөз сөйледі. Ол қазақстандық тарап пен ел президентіне Қазақстанда келіссөздердің кезекті раундын өткізу бастамасы үшін алғысын білдірді.
"Армения мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру процесі бойынша тұрақты кездесулер бейбіт келісімді дайындау процесінің маңызды элементі саналады. Делегациялар соңғы рет екі айдан астам уақыт бұрын Берлинде кездесті. Кейінгі кездесуден бастап тараптар арасында Бейбітшілік келісімінің жобасы бойынша пікір алмасу болды.
Сондай-ақ келіссөз процесінің қандай да бір аспектілері бойынша тараптардың ұстанымдарын көрсететін белгілі бір құжаттармен қосымша алмасу жүргізілді", - деді Джейхун Байрамов.
Содан кейін Арменияның сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян сөз сөйледі.
"Армения бейбітшілікке, бейбітшілік келісіміне бағытталған. Біз келіссөз процесіне өте сындарлы түрде қатысамыз. Сонымен қатар біз бейбітшілік келісіміне қол қоюмен шектелмеуіміз керек деп ойлаймыз. Біз одан әрі қарай жүре аламыз. Барлық көлік инфрақұрылымы олар өтетін елдердің егемендігінде қалатынын, тиісті елдердің юрисдикцияларына сәйкес әрекет ететінін түсініп, көлік коммуникацияларының құлпын аша аламыз", - деді Арарат Мирзоян.
Құттықтау сөздерімен алмасқаннан кейін министрлер бұқаралық ақпарат құралдары қатыса алмайтын жабық есік форматындағы келіссөзді жалғастырды.
Еске салайық, 6 мамырда брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Әзербайжан мен Армения Сыртқы істер министрлігі басшыларының келіссөзі қашан өтетінін айтқан болатын.
"Бұған дейін қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, Әзербайжан мен Армения сыртқы істер министрлігі басшылары келіссөздері 2024 жылғы 10 мамырда Алматыда өтеді", - деді сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Ресми өкіл келіссөз жабық түрде өтетінін айтты. БАҚ өкілдері келіссөздің ашылуына ғана шақырылады.
Әзербайжан мен Армения Сыртқы істер министрліктерінің ресми өкілдері де кездесудің 10 мамырда өтетінін хабарлаған.
"10 мамырда Алматыда Әзербайжан сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов пен Армения Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян арасындағы келіссөз өтеді", - деп хабарлады Әзербайжан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айхан Хаджизадав X әлеуметтік желісінде.
Бұл ақпаратты Хаджизаданың Армениядағы әріптесі Ани Бадалян да растаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2098442-almatyda-armeniia-men-azerbaizhan-arasyndagy-kelissoz-bastaldy/