"Терең күйзеліспен қабыл алдым": Тоқаев Иран президентінің қазасына байланысты көңіл айтты
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иран президенті Ибрахим Раисидің қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
Мемлекет басшысы Иран Ислам Республикасының Ппрезиденті Ибрахим Раиси мен үкіметтік делегация мүшелерінің Шығыс Әзербайжан провинциясында тікұшақ апаты салдарынан қайтыс болуына байланысты Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан осы елдің Жоғары лидері Әли Хаменеи мен бірінші вице-президенті Мохаммад Мохберге және барша иран халқына көңіл айтты.
"Тікұшақ апаты салдарынан Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раиси мен оның сенімді серіктерінің қайтыс болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алдым. Ибрахим Раиси – Иран мемлекеті мен халқының әл-ауқатын арттыруға, мүддесінің мұқалмауына, аймақтағы тұрақтылықты сақтауға өз өмірін риясыз арнаған көрнекті мемлекеттік қайраткер. Оның қолға алған бастамалары мен жетістіктері халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланғаны баршаға мәлім.
Қазақстандықтар Ибрахим Раисиді парасатты басшы, халықаралық деңгейдегі беделді саясаткер, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға зор еңбек сіңірген тұлға ретінде әрдайым есінде сақтайды. Марқұмдардың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын", - деп жазылған жеделхатта.
Еске салсақ, кеше, 19 мамырда Иран президенті Ибрахим Раиси отырған тікұшақ елдің солтүстік-батысында апатты жағдайда қонғаны хабарланып, бірнеше сағат өтсе де табылмай жатқанын жазған едік.
IRNA агенттігі Иранның вице-президенті Мохсен Мансуридің сөзіне сілтеме жасап, тікұшақ апатты жағдайда қонғаннан кейін Иран президенті Ибрахим Раисидің жанындағы екі адам бірнеше рет байланысқа шыққанын хабарлаған.
Алайда Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы Хосейн Салами ирандық телеарнаға Раиси ұшқан тікұшақтың жолаушылары ұшақ қатты қонғаннан кейін байланысқа шыққаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін айтқан.
Бүгін, 20 мамырда апатта жағдайда қонған тікұшақтың бөлшектері табылғаны мәлім болды. Кейін Иран президентінің тікұшақ апатынан қаза тапқаны хабарланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2103509-toqaev-iran-prezidenti-ibrahim-raisiding-qazasyna-bailanysty-kongil-aitty/