Президент Ибрахим Раисидің қазасы: Тоқаев Қазақстандағы Иран елшілігіне барды (видео)
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы Иран елшілігіне барды. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Иран Ислам Республикасының елшілігіне барып, президент Ибрахим Раиси мен үкімет делегациясы мүшелерінің тікұшақ апаты салдарынан қаза табуына байланысты иран халқына көңіл айтты және қолдау білдірді.
Президент көңіл айту кітабына жазба қалдырды.
"Иран Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раисидің және үкімет делегациясы мүшелерінің мезгілсіз қазасы туралы қаралы хабар қабырғамызды қайыстырды. Өз ұлтының ұлы перзенті Ибрахим Раиси – Отанына адал қызмет еткен тұғырлы тұлға.
Біз оны парасатты басшы, беделді саясаткер, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға зор еңбек сіңірген қайраткер ретінде әрдайым есте сақтаймыз. Қазақ халқының және өзімнің атымнан ирандық бауырларымызға қайғырып көңіл айтамын. Марқұмдардың иманы саламат, рухы пейіште болсын!", – деп жазды мемлекет басшысы.
Еске салсақ, 19 мамырда Иран президенті Ибрахим Раиси отырған тікұшақ елдің солтүстік-батысында апатты жағдайда қонғаны хабарланып, бірнеше сағат өтсе де табылмай жатқанын жазған едік.
IRNA агенттігі Иранның вице-президенті Мохсен Мансуридің сөзіне сілтеме жасап, тікұшақ апатты жағдайда қонғаннан кейін Иран президенті Ибрахим Раисидің жанындағы екі адам бірнеше рет байланысқа шыққанын хабарлаған.
Алайда Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы Хосейн Салами ирандық телеарнаға Раиси ұшқан тікұшақтың жолаушылары ұшақ қатты қонғаннан кейін байланысқа шыққаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін айтқан.
20 мамырда апатта жағдайда қонған тікұшақтың бөлшектері табылғаны мәлім болды. Кейін Иран президентінің тікұшақ апатынан қаза тапқаны хабарланды.
Ибрахим Раисидің қазасына байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан осы елдің Жоғары лидері Әли Хаменеи мен бірінші вице-президенті Мохаммад Мохберге және барша иран халқына көңіл айтты.
Сонымен қатар Иран президентінің өкілеттігі Раисидің бірінші орынбасары, вице-президент Мохаммад Мохберге берілген болатын.
Кейін қайғылы жағдайға байланысты елде бес күндіз аза тұту күні жарияланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2104305-memleket-basshysy-qazaqstandagy-iran-elshiligine-bardy/