Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Президент Қазақстанда жасалып жатқан суперкомпьютер туралы айтып берді

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жасалып жатқан суперкомпьютер туралы айтып берді. Бұл туралы ол Алматыда ғалымдармен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

"Қазір осы саланың инфрақұрылымын дамыту үшін нақты шаралар қолға алынды. Суперкомпьютер жасауға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік органдармен қатар, ғылыми қауымдастық пен бизнес те оның игілігін көретін болады", - деді ол.

Президенттің айтуынша, жасанды интеллектіні дамыту ісінде елдің кадрлық әлеуеті маңызды рөл атқарады. Сондықтан білікті мамандардың қатарын көбейту керек.

"Жоғары оқу орындары бұл жұмыспен мықтап айналысуы қажет. Бүгінде әлемнің жетекші университеттерінің білім беру үдерісінде практикаға басымдық беріледі және студенттердің жаңашылдыққа ұмтылып, стартаптар әзірлеуіне жағдай жасалған. Еліміздің оқу орындары осындай әдістен үлгі алуы керек деп ойлаймын.

Машиналық үйретуді дамыту маңызды. Бұл сараптама жасау және мұқият пысықталған шаралар қабылдау үшін озық тәсілдерді игеруге ықпал етеді. Бірақ аталған технологияны кең көлемде енгізумен қатар мұқият зерделеуді және жауапкершілікті қажет ететін жаңа сын-қатерлер де пайда болады. Ең алдымен, жасанды интеллектіні дамыту, қолдану ісінде ашықтық пен этикаға сай болу мәселелеріне баса мән берген жөн", - дейді президент.

Тоқаевтың пікірінше, деректердің тарап кетуі өз алдына бөлек қауіп. Цифрландыру дәуірінде мәліметтер саф "алтынға" айналады. Сондықтан оларды толыққанды қорғау мәселесінің маңызы зор. Бүгіннен бастап киберқауіпсіздік саласында маман даярлап, озық зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет.

"Жалпы қазір көз алдымызда әлемдік экономикада технологиялық тұрғыдан айтарлықтай өзгерістер орын алып жатыр. Ғаламдық деңгейде энергияның жаңартылатын және баламалы түрлерін көбірек пайдалануға негізделген қуат көзіне көшу қарқын алды", - деді ол.

Президент Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ниетті екенін айтты.

"Алайда ол үшін біз экономиканы терең трансформациялауымыз керек. Бұл күрделі үдеріс зор сын-қатермен қатар жүреді. Таяу болашақта еліміз электр энергиясының тапшылығын айтарлықтай сезінуі мүмкін. Аталған мәселе жағдайды ушықтыра түседі. Кейбір болжамдар бойынша нақты шешімдер қабылданбаса, 2030 жылға қарай энергия қуатының тапшылығы алты гигаватқа жетеді. Бұл экономикамыздың даму қарқынын едәуір бәсеңдетіп, тұрғын үй-коммуналдық саласын дағдарысқа әкеп соқтырады. Ол халқымыздың тұрмысына кері әсер етеді.

Проблеманы шешудің бір жолы атом энергетикасы болуы мүмкін. Энергетикалық сектор өкілдері осы амалды бір ауыздан қолдайды. Қазақстан табиғи уран өндіру көлемі бойынша әлемде бірінші орында. Біз ядролық отынның компоненттерін өз елімізде өндіреміз. Бұл – бәсекелестіктегі біздің басты артықшылығымыз. Оны пайдалана білуіміз қажет. Аталған мәселені қоғамда және кәсіби ортада кең ауқымда әрі жан-жақты талқылау керек. Бірақ популизм мен дау-дамайға жол беруге болмайды. Ғылыми қоғамдастық бұған қомақты үлес қосып, объективті және прагматикалық қағидаттарға негізделген салмақты пікір айтады деп ойлаймын. Ядролық энергетиканы құруға қатысты соңғы шешімді халық жалпыұлттық референдум арқылы қабылдайды", - деді Тоқаев.

Оның сөзінше, жаңартылатын энергия көздерін қарқынды дамыту жағдайында экономиканы әртараптандыруға баса мән беру керек.

"Жасыл" сутегі өндірісінде әлеуетіміз мол. Қазірдің өзінде бұл салада серпінді жобаларды жүзеге асыру көзделген.

Мұнай химиясында дәстүрлі пластик және жаңа материалдар сияқты қосымша құны жоғары өнімдер шығаруды жолға қою қажет. "Жасыл" экономиканың дамуы аккумулятор өндірісіне қажетті сирек және сирек кездесетін металдарға сұранысты арттырады. Мысалы, сарапшылардың бағалауынша, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін ғасыр ортасына қарай Еуропаға қазіргіден 35 есе көп литий қажет болады. Бізде осы және өзге де металдардың мол қоры бар. Геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейтіп, бұл салаға үздік әлемдік тәжірибені енгізу қажет.

Машина жасау бағытының болашағы зор. Елімізде көлік құрастыратын бірқатар кәсіпорын жұмыс істейді. Жергілікті өндірістің үлесін және технологияның импортын арттыру керек", - деді президент.

Президенттің айтуынша, медицина, фармацевтика, биотехнология саласындағы ғалымдарымыздың әлеуеті өте жоғары. Елімізде сұранысқа ие препараттардың баламасын, вакциналарды және басқа да медициналық өнімдерді өндіруге қабілетті ірі кәсіпорындар табысты жұмыс істеп жатыр.

"Халықты отандық медициналық бұйымдармен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету деңгейін кезең-кезеңімен көтеру маңызды. Біз осы салада халықаралық деңгейдегі жетекші компаниялармен қарым-қатынас орнатып жатырмыз.

Отандық денсаулық сақтау саласының дамуы халықтың орташа өмір сүру ұзақтығынан көрінеді. Қазақстанда бұл меже 75 жастан асты. Бірақ осы көрсеткіш бойынша әлемдегі жетекші елдерден ондаған жылға артта қалып қойдық. Бұл – біз ұмтылатын мақсаттың бірі", - дейді президент ғалымдармен кездесуінде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2110365-prezident-qazaqstanda-zhasalyp-zhatqan-superkompiuter-turaly-aityp-berdi/