Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Экономикаға орасан зор зиян келді": Тоқаев елдегі су тасқыны салдарын айтты

Жарияланған күні:

Атыраудағы су тасқыны
Атыраудағы су тасқыны. Фото: NUR.KZ/Әйгерім Сайқын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда ғалымдармен кездесуінде елдегі су тасқыны салдары туралы айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

"Жуырда болған алапат тасқын салдарынан ондаған мың отбасы зардап шекті. Көптеген адам дүние-мүлкінен айырылды. Экономикаға орасан зор зиян келді. Апат салдарын жоюға Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық күш-құралдары жұмылдырылды және басқа да күштік құрылымдардың жеке құрамы қатысты. Су тасқыны кезінде 120 мыңға жуық адам, оның ішінде 45 мың бала құтқарылып, эвакуацияланды. Батылдық пен қызметтік міндеттеріне адалдықтың нағыз үлгісін көрсеткен төтенше жағдайлар және құтқару қызметінің барлық қызметкеріне алғыс айтқым келеді", - деді ол.

Оның сөзінше, құтқарушыларымыздың үйлесімді әрі шұғыл іс-әрекеті мемлекетіміз үшін адам өмірі ең жоғары құндылық екенін нақты көрсеткен.

"Біз бұл қиын сынақтан азаматтарымыздың бірлігі мен ынтымағының, бір-біріне жанашырлығының арқасында сүрінбей өттік.

Халқымыздың бірлігінің айқын дәлеліне айналған еріктілердің ерен еңбегі ерекше құрметке лайық. Олар еліміздің түкпір-түкпірінен су басқан өңірлерге барып, бөгендер салды. Халықты эвакуациялауға атсалысып, зардап шеккен адамдарға гуманитарлық көмек жеткізді. Біздің еріктілер күн сайын жоғары азаматтық жауапкершіліктің, жанашырлық пен көмек көрсетудің және дүниені жақсартуға деген шынайы ұмтылыстың үлгісін көрсетіп келеді", - деді ол.

Сонымен қатар ахуалды дер кезінде болжай алғанда, табиғат апатының салдары айтарлықтай ауыр болмас еді.

"Менің тапсырмам бойынша Алматы әкімдігі Сейсмология институтының ғимаратын жөндеуге қаржы бөлді. Қырық жылдан астам уақыт бойы жөндеу көрмеген ғимаратта ғалымдар адам төзгісіз жағдайда жұмыс істеп жатыр.

Су шаруашылығын білікті кадрлармен қамтамасыз ету – өткір мәселенің бірі. Бұған дейін Тараздағы Қазақ гидромелиоративтік-құрылыс институтын қалпына келтіруді тапсырған болатынмын. Бізге су шаруашылығының, гидромелиоративтік және экологиялық тұрақтылықтың қазіргі мәселелерін шешуге қабілетті мамандар дайындайтын, осы саладағы ғылыми базаны нығайтатын жоғары оқу орны қажет. Бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырамын", - деді президент.

Оның сөзінше, табиғат апаттарын бақылау, бағалау және болжау, сондай-ақ табиғи ресурстарды сақтау және ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеулерді күшейту керек.

"Сарапшылардың айтуынша, кейінгі онжылдықтарда табиғат апаттарының саны айтарлықтай өскен. БҰҰ болжамы бойынша алдағы онжылдықтың басында әлемде жылына 560-қа жуық табиғат апаты болады. Осы орайда ғалымдар ауа райы құбылуының төрттен үш бөлігін климаттың өзгеруімен байланыстырады. Мұның бәрі экономиканың дамуына, халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына орасан зор кері әсерін тигізіп жатыр. Сондықтан қазір әлемдік қауымдастық климаттың өзгеруімен күреске баса назар аударып отыр.

Бұл іске Қазақстанның Алматыда Орталық Азия елдерінің климат және «жасыл» энергетика мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін ашу туралы бастамасы айтарлықтай үлес қоса алады. Уақыт өткен сайын сезіліп келе жатқан су тапшылығы проблемасы біздің өңіріміз үшін өте өзекті болып отыр. Су – негізгі тіршілік көзі. Оған экономикалық даму, ауыл шаруашылығы және адамдардың тұрмыс сапасы тікелей байланысты. Сондықтан су ресурстарын үнемдеу, ұтымды пайдалану және саланы басқару тиімділігін арттыруға қатысты жүйелі ғылыми жұмыстарды қолға алу керек", - деді президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2110389-ekonomikaga-orasan-zor-ziian-keldi-toqaev-eldegi-su-tasqyny-saldaryn-aitty/