Тоқаев Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады
Жарияланған күні:
Ақорда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтауын жариялады.
"Құрметті отандастар!
Баршаңызды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын! Жарқын жаз өскелең ұрпаққа қамқорлықтың символына айналған осы мерекеден басталады.
Ұл-қыздарымыздың парасатты және жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтардың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау әрдайым мемлекеттің басты басымдығы саналады. Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан еліміздегі әрбір жеткіншектің мейірім мен қамқорлыққа бөленіп, үлкеннің қолдауын сезінуі, ертеңгі күнге сеніммен қарауы өте маңызды.
Мен жас ұрпақ Әділетті Қазақстанның негізгі қағидаттарын нақты жүзеге асырып, «Адал азамат» тұжырымдамасының озық идеалдарына толық сай болады деп сенемін. Ол үшін біз бүкіл қоғам болып жалпыұлттық құндылықтарымызды ұрпақтың бойына сіңіруіміз және оларды еңбекқорлық пен білімпаздыққа баулуымыз керек. Сондай-ақ төл тарихымыз бен мәдениетімізді құрметтеуге үйретуіміз қажет.
Барлық бала ата-анасы мен жақындарын оқудағы, шығармашылық саладағы және спорттағы жетістіктерімен, жақсылық пен жасампаздыққа ұмтылысымен қуанта берсін!
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, толайым табыс тілеймін!", - деп құттықтады президент.
Айта кетейік, Статистика бюросы мәліметінше, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балалар саны – 6 841 527. Оның ішінде 3,5 млн – ұл, 3,3 млн – қыз бала. Балалардың 59,7%-ы қалалық жерде тұрады.
Халықтың жалпы санында 18 жасқа дейінгі балалардың үлесі – 34,1%. Өңірлер арасында халық санындағы балалардың ең жоғары үлес салмағы Түркістан облысында – халықтың 43,3% 18 жасқа дейінгі балалар, одан кейін Маңғыстау облысы (41,9%) және Шымкент қаласы (40,6%).
Өңірлер бөлінісіндегі 18 жасқа дейінгі балалар саны:
- Абай обл. – 188 321
- Ақмола обл. – 223 493
- Ақтөбе обл. – 330 877
- Алматы обл. – 556 114
- Атырау обл. – 274 688
- БҚО – 217 427
- Жамбыл обл. – 465 492
- Жетісу обл. – 245 056
- Қарағанды обл. – 317 101
- Қостанай обл. – 206 584
- Қызылорда обл. – 335 399
- Маңғыстау обл. – 329 613
- Павлодар обл. – 205 030
- СҚО – 126 424
- Түркістан обл. – 927 107
- Ұлытау обл. – 75 506
- ШҚО – 182 714
- Астана – 472 070
- Алматы – 665 430
- Шымкент – 497 081
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2110533-toqaev-halyqaralyq-balalardy-qorgau-kunimen-quttyqtady/