Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Қазақстанда корей капиталы бар 700-ден астам компания қызмет етеді

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Екіжақты келіссөздерден кейін мемлекет басшысы мен Корея Республикасының президенті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, шақыруын қабыл алып, сапармен келгені үшін президент Юн Сок Ёльге шынайы ризашылығын білдірді және бұл күнді қазақ-корей достығы жылнамасындағы айтулы оқиға деуге толық негіз бар екенін айтты.

"Біз Корея басшысының осы мемлекеттік сапарына айрықша мән береміз. Бұл екіжақты қарым-қатынастың деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Мен елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймын. Бүгін біз кеңейтілген стратегиялық әріптестігімізді одан әрі дамытуға уағдаластық. Өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттарын айқындадық. Ең бастысы, бір-бірімізге әрқашан тілеулес екенімізді таныттық", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті екі ел сауда-экономика және инвестиция салаларына баса мән беретінін, Корея Қазақстанның ең ірі бес инвесторының бірі саналатынын жеткізді.

"Былтырға дейін осы елден тартылған инвестиция көлемі 9,6 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткішті ұлғайтуға екі тарап та мүдделі. Қазақстанда корей капиталы бар 700-ден астам компания қызмет етеді. Мысалы, Samsung, Hyundai, Kia, Lotte, Doosan, Posco сияқты алпауыт корпорацияларды атап өтуге болады. Олар елімізде табысты жұмыс жүргізіп жатыр. Біз Президент Юн Сок Ёль мырзамен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға келістік. Әсіресе, инфрақұрылым, өндіріс, қаржы, энергетика, экология, автомобиль мен аэроғарыш өнеркәсібі, IT, цифрландыру және басқа да салаларға басымдық беріп отырмыз.

Қазір Doosan Enerbility компаниясы Түркістанда бу-газ қондырғысы арқылы жұмыс істейтін электр стансасын салып жатыр. Сонымен қатар Samsung Electronics компаниясы елімізде тұрмыстық техника шығаратын өндіріс ашуға ниет білдірді. Біз мұндай бастаманы барынша қолдаймыз. Сондай-ақ GL Ralpha компаниясы Астанада биофармацевтика зауытын салуды жоспарлап отыр", - деді мемлекет басшысы.

Келіссөз барысында сирек кездесетін металдарды бірлесіп зерттеу және өндіру мәселесі де қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан нарығына кіргісі келетін корей компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайын екеніне назар аударды. Оның пікірінше, мұны жүзеге асырудың нақты жолдары бар. Үкіметаралық комиссия, Іскерлік кеңес пен бизнес қауымдастық арасындағы жұмыс тобы құрылған. Бұл құрылымдар екіжақты экономикалық байланысты нығайтуға зор септігін тигізеді.

Юн Сок Ёль Қазақстан мен Корея арасындағы экономикалық және стратегиялық ынтымақтастыққа назар аударды.

"Қазақстан президентімен келіссөздер барысында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған уақыттан бері қарқынды дамып келе жатқан екі ел арасындағы ықпалдастық мәселелерін кеңінен талқыладық. Сонымен қатар Қазақстан мен Кореяның стратегиялық серіктестігінің тиімділігін арттыра түсуге уағдаластық. Бүгінгі сапар аясында электр энергетикасы, маңызды минералдарды жеткізу салалары бойынша бірқатар келісімге қол жеткіздік", - деді Корея Республикасының президенті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2116245-toqaev-qazaqstanda-korei-kapitaly-bar-700-den-astam-kompaniia-qyzmet-etedi/