Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ШЫҰ деген не және оның саммиттері не үшін ұйымдастырылады

Жарияланған күні:

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерінің басшылары
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерінің басшылары. Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) – Азия құрлығындағы маңызды халықаралық ұйымдардың бірі. Бұл ұйым 2001 жылы 15 маусымда Қытайдың Шанхай қаласында құрылған. ШЫҰ-ның негізін қалаушы елдерге Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Иран кіреді. Кейіннен ұйымға Үндістан мен Пәкістан да мүше болып қосылды. Ал таяуда Астанадағы саммитте Беларусь ұйымға қосылғаны белгілі болды. Бұл материалымызда ұйымның мақсаттары мен міндеттері туралы дерек келтіруді ұйғардық.

ШЫҰ-ның мақсаттары мен міндеттері

Ұйым сайтындағы мәлімет бойынша, ШЫҰ-ның негізгі мақсаттары мен міндеттеріне мынадай:

  1. Өңірлік қауіпсіздікті нығайту: ШЫҰ-ның басты мақсаттарының бірі – ұйымға мүше елдер арасында бейбітшілікті сақтау, терроризм, экстремизм және сепаратизм сияқты қауіп-қатерлерге қарсы күрес жүргізу.
  2. Экономикалық ынтымақтастық: ШЫҰ мүше елдер арасында экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Бұл сауда-саттықты кеңейту, инвестиция тарту, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру сияқты салаларды қамтиды.
  3. Мәдени байланыстарды нығайту: Ұйым мәдениет, білім, ғылым және туризм салаларында ынтымақтастықты нығайтуға үлкен мән береді. ШЫҰ аясында түрлі мәдени іс-шаралар, фестивальдер және конференциялар өткізіледі.
  4. Қоршаған ортаны қорғау: ШЫҰ мүше елдер экологиялық мәселелерді шешуге, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларды жүзеге асырады.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерінің тулары
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерінің тулары. Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

ШЫҰ құрылымы қандай?

ШЫҰ-ның құрылымы бірнеше негізгі органдардан тұрады:

  1. Мемлекет басшыларының кеңесі: Бұл орган ШЫҰ-ның жоғарғы органы болып табылады. Кеңес жыл сайын өтетін саммиттерде мүше елдердің мемлекет басшылары кездесіп, ұйымның маңызды мәселелерін талқылайды.
  2. Үкімет басшыларының кеңесі: Бұл орган экономикалық ынтымақтастық мәселелерін шешуге бағытталған. Кеңес жыл сайын өткізіліп, ұйымға мүше елдердің үкімет басшылары қатысады.
  3. Сыртқы істер министрлерінің кеңесі: Бұл орган ШЫҰ-ның халықаралық қатынастарын реттеуге және сыртқы саясат мәселелерін үйлестіруге жауапты.
  4. Өңірлік антитеррористік құрылым: Бұл құрылым ұйымға мүше елдердің антитерроризм саласындағы ынтымақтастығын қамтамасыз етеді.

РФ елшілігінің Қазақстандағы елшілігі сайтындағы мәлімет бойынша, ШЫҰ жанындағы байқаушы мәртебесіне ие мемлекеттер – Ауғанстан, Монғолия. ШЫҰ сұхбат бойынша әріптес мәртебесіне ие мемлекеттер – Әзірбайжан, Армения, Камбоджа, Непал, Шри-Ланка, Түркия, Мысыр, Катар, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Кувейт, Мальдив Республикасы, Мьянма, Біріккен Араб Әмірліктері.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы – қандай да бір елге қарсы бағытталған әскери блок немесе жабық альянс емес, ол кең халықаралық ынтымақтастыққа бағытталған құрамы кеңейтілуі мүмкін ашық ұйым. ШЫҰ-ның қорғаныс альянсының атрибуттары жоқ.

Қазіргі кезде ШЫҰ (байқаушы және сұхбат бойынша әріптес мәртебесіне ие мемлекеттермен бірге) – 3 миллиардтан аса тұрғын саны (әлемдегі халық санының 50 пайызы). Ұйымның құрамына БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің екі тұрақты мүшесі және ядролық державалар (ҚХР және РФ), әлемдегі халық санының ең көп екі мемлекеті (ҚХР және Үндістан) және дүниежүзінде энергияны ең көп тұтынушы мемлекеттері (Қытай және Үндістан) кіреді.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мемлекет басшыларының кеңесі – ШЫҰ жоғары органы болып саналады. Кеңес басымдылықтарды белгілеп, Ұйым қызметінің негізгі бағыттарын айқындайды, оның ішкі құрылымы мен жұмыс істеуінің негізгі мәселелерін шешеді, басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасын реттейді, сонымен қатар халықаралық өзекті мәселелерді қарастырады.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшыларының (премьер-министрлер) кеңесі – Ұйым шеңберінде сауда-экономикалық ынтымақтастық саласындағы өзара ықпалдастықтың негізгі мәселелерін қарайды және шешеді, ұйым бюджетін қабылдайды.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің кеңесі – Ұйымның ағымдағы қызметінің, мемлекет басшылары кеңесінің отырысына дайындық, халықаралық мәселелер бойынша Ұйым шеңберінде консультациялар өткізу мәселелерін қарайды. Қажет жағдайда Кеңес ШЫҰ атынан мәлімдеме жасай алады.

ШЫҰ тарихы қандай?

Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылғы 15 шілдеде Шанхай қаласында алты мемлекеттің (Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан) бастамасымен құрылған.

Саяси түсіндірме сөздік бойынша, ШЫҰ-ның ізашары "Шанхай бестігі" болды, ал Шанхай әріптестігі Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан арасындағы шекарадағы әскери күшті қысқарту және сенім шараларының күшейтілуімен жүзеге асырылды. 1996 және 1997 жылдары бес мемлекеттің басшылары Шанхайда және Мәскеуде кездесіп, шекара аумағында әскери сенім шараларын күшейту Келісімі және шекарадағы әскери күшті қысқарту және сенім шараларын күшейту Келісіміне қол қойды.

ШЫҰ-ның 2002 жылғы отырысы
ШЫҰ-ның 2002 жылғы отырысы. Фото: Photo by MISHA JAPARIDZE/POOL/Getty Images

Осыдан кейін бес мемлекеттің аумағында кезегімен ұйымдастырылып, толық қалыптасты, кездесулер тақырыбы да кеңейе бастады, енді бұл шаралар бес мемлекеттің арасындағы саяси, қауіпсіздік, сыртқы байланыс, экономика және сауда салаларындағы тиімді өзара әріптестік дәрежесіне көтерілді. 2000 жылы Өзбекстан президенті Душанбеде өткен саммитке қатысты. бұл бес мемлекет басшыларының алғашқы кездесуі Шанхайда өткендіктен әріптестіктің бұл тетігі "Шанхай бестігі" деп аталды. 2001 ж. маусымда "Шанхай бестігінің" бес жылдығына орай мүше-мемлекеттер басшылары және Өзбекстан президенті Шанхайда кездесті. Осы кездесуде Өзбекстан құрылымға енді.

Ӏле-шала Шанхай ынтымақтастық ұйымын құру жөніндегі Декларация жарияланды. Бұл құжатта мүмкіндіктерді тиімді пайдалану және жаңа айбаттар мен қатерлерге қарсы түру, өзара әріптестік деңгейін және дәрежесін көтеру үшін "Шанхай бестігінің" негізінде Шанхай ынтымақтастық ұйымын құру жөнінде шешім қабылданғаны айтылған.

2004 жылғы ШЫҰ отырысы
2004 жылғы ШЫҰ отырысы. Фото: MAXIM MARMUR/AFP via Getty Images

ШЫҰ-ның маңызы

ШЫҰ қазіргі уақытта өңірлік және ғаламдық деңгейде маңызды рөл атқарады. Бұл ұйымның арқасында Азия елдері арасында ынтымақтастық нығайып, бейбітшілік пен тұрақтылық сақталуда. Сонымен қатар ШЫҰ экономикалық дамуға ықпал етіп, мүше елдердің өзара байланыстарын күшейтуде маңызды платформаға айналды.

Астанада биылғы шілденің басында өткен саммитте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер ынтымақтастығының маңызды бағыттары жөнінде өз ой-пікірін ортаға салды. Оның пікірінше, қазіргі кезде өңірлік қауіпсіздік мәселесі өте өзекті болып отыр.

"Бұл сала бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілгені қуанышты жәйт. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер  ынтымақтастығының терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимылдар жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған бағдарламасы – соның айқын дәлелі. Аталған бағдарламаны бүгін бекітеміз. Сонымен қатар терроризм мен экстремизмді қаржыландырушы заңсыз есірткі айналымы мен есірткі бизнесіне қарсы тиімді күрес жүргізу үшін бірлескен іс-қимылдарды жалғастыруға дайынбыз.

Соңғы жылдары киберқауіпсіздік мәселесі алдыңғы орынға шықты. Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі ШЫҰ Орталығының тезірек құрылуы маңызды мәселелерге толық жауап береді және Ұйымның ақпараттық кеңістігінің қорғалуын күшейте түседі. Экономикалық саладағы трансұлттық қылмыстар өткір проблема болып табылады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сындарлы мүше және теңқұқылы үнқатысу жүргізу – Қазақстанның аймақтағы ұстанымын арттырып, мүше мемлекеттер арасында өзара сенім мен түсінушілікті арттыруға жәрдем көрсетіп келеді.

Қалыптасқан тәжірибе бойынша Ұйымға төрағалық 1 жылдық кезең ішінде жүзеге асырылады – кезекті саммит аяқталғаннан кейін басталып, төрағалық етуші мемлекеттің аумағында ШЫҰ-ға мүше мемлекет басшыларының отырысын өткізумен аяқталады. Келесі төрағалық Қытайға өтті.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы – Азия құрлығындағы қауіпсіздік, экономика және мәдениет салаларында ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды халықаралық ұйым. ШЫҰ мүше елдер арасында бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, экономикалық дамуға және мәдени байланыстарды күшейтуге ықпал етеді. Осылайша ШЫҰ қазіргі әлемде маңызды рөл атқарып, өңірлік және ғаламдық деңгейде ықпалды ұйым ретінде танылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2130780-shyu-degen-ne-zhane-onyng-sammitteri-ne-ushin-uiymdastyrylady/