Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Соңына дейін құпия ұстады": Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалған кезін еске алды

Жарияланған күні:

Нұрдәулет Қилыбай
Нұрдәулет Қилыбай. Фото: t.me/aqorda_resmi

Маңғыстау облысының әкімі болып биыл көктемде тағайындалған Нұрдәулет Қилыбай бұл лауазымға қалай келгенін, президентке көкейінде жүрген сұрақты қойғанын баяндады. Бұл туралы өңір басшысы Massaget порталына берген сұқбатында айтқан.

Облыс әкімі бұл лауазымға тағайындалатыны туралы мүлдем хабарсыз болғанын айтты.

"Облыстық мәслихаттың депутаты болып жүрген кезімде 16 мамырда кешке чатқа "ертең бәріңіз облыстық әкімшілікке жиналасыздар, жаңа әкімге дауыс бересіздер" деген хабарлама келді. Ойымызда ешнәрсе жоқ. Сол кезде мекемемізде келеңсіз жағдай болып қалып, сонымен арпалысып жүргенбіз. Жаңа әкімге дауыс беруге келсем, өз-өзіме дауыс беруге келіппін. Білген жоқпын, соңына дейін айтқан жоқ, құпия ұстады. Әрине, бұл, біріншіден, Президентіміздің сенімі. Үлкен жауапкершілік. Тағайындалған күні өзіміздің ағайындардың чатында ақсақалдар "сүйекке таңба түсіре көрме" деп бата ма, тапсырма ма, бұйрық па берді. Түсінген адамға ауыр сөздер. Халықтың да сенімі бар. Үміт артып отыр", - дейді Нұрдәулет Қилыбай.

Оның сөзінше, нлге қызмет ету - үлкен бақыт, әр жұмыстың қиыншылығы бар. Бірақ мына жерде масштаб бөлек, бір сала, бір бағыт емес, жалпы өңірдің экономикасының қай бағыты болса да менің мойнымда тұрған жүк, дейді облыс басшысы.

Сонымен қатар өңір басшысы президентпен кездескен кезі және араларында қандай әңгіме болғанын айтып берді.

"Тағайындалғаннан кейін үш күннен соң "президенттің қабылдауында боласыз" деген хабар келді. Мен үшін күтпеген жағдай, бұрын-соңды президентпен көзбе-көз отырып сөйлесіп көрмеген, қабылдауында болмаған адаммын. Президенттің қабылдауында болдым. Әрине, Қасым-Жомарт Кемелұлының беретін тапсырмаларының барлығы - осы елдің өсуі-өркендеуі, тұрмыстық жағдайының жақсаруы. Әр саланы қозғады: медицина да бар, білім де бар. Маңғыстауда білім көрсеткіші жақсы болып тұрған жоқ. Инвестиция тарту, туризмді дамыту деген сияқты әртүрлі бағытта тапсырма берді", - деп жауап берді ол.

Нұрдәулет Қилыбай президентке көкейңндегі мына сұрақты қойғанын да айтып өткен.

"Мен ол кісіге қоштасардың алдында "Қасым-Жомарт Кемелұлы, рұқсат па, ішімде кетіп қалмасын, көкейімде тұрған бір сұрақ бар" дедім. "Айтыңыз" деді. Ашығын айттым. "Бұрын-соңды жоғары лауазымға қолы ұзындау, танысы бар кісілер болатын еді. Жаңаөзен деген жерде жүрген қазақтың қарапайым жігіті едім, бір күннің ішінде қалай болып кеткенін түсінбей қалдым" дедім. Ол кісі "сыртыңыздан зерттедік, сізді бір күннің ішінде тағайындап тастау немесе қолы ұзын кісілер туралы сұрағыңызға қысқаша жауабым: бұл басқа Қазақстан" деді. Мен бұл сұрақты президентке қойдым. Екі ауыз сөзбен "басқа Қазақстан" деп жауап берді", - дейді Нұрдәулет Қилыбай.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2148352-songyna-deiin-qupiia-ustady-nurdaulet-qilybai-manggystau-oblysynyng-akimi-bolyp-tagaiyndalgan-kezin-eske-aldy/