Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"100 мыңға жуық турист келуі мүмкін": Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысымен танысты (фото)

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысымен танысты. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасы жариялаған ақпаратқа сүйенсек, мемлекет басшысы, ең алдымен, "Астана арена" стадионын аралап көрді. Мұнда халықаралық спорттық-мәдени іс-шараның ашылу салтанаты өтеді. Отыз мың көрермен еркін сыятын стадионға жыл бойы күрделі жөндеу жүргізілді. Қазіргі кезде абаттандыру жұмыстары аяқталып, жабдықтары толықтай жаңартылды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде орналасқан Аккредиттеу орталығының жұмысы, Көшпенділер ойынына қатысатын ұлттық құраманың киім үлгісі таныстырылды. Халықаралық іс-шараға 1500 ерікті тартылады.

Спорт және туризм министрі Ермек Маржықпаев Ұлттық құраманың әзірлігі жөнінде баяндады.

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін халықаралық және республикалық деңгейде 42 оқу-жаттығу жиыны өткен. Сондай-ақ спортшылар 7 халықаралық және 25 республикалық турнирге қатысқан.

Жалпы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2800 қатысушы мен ресми делегация мүшелері келеді. Сайыстың 21 түрінен 97 медаль сарапқа салынады. Негізгі жарыстар "Астана-арена" стадионы, "Қазанат" ипподромы, "Алау" мұз сарайы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, "Думан" қонақ үй-спорт кешенінде өтеді. Ал жамбы ату мен теңге ілуге арнайы алаң жасақталған.

Халықаралық дода аясында 150-ден астам мәдени іс-шара жоспарланған. Мәселен, Этноауылда Көшпенділер мәдениеті музейі, қолөнершілер және мүсіндер көрмесі, ал Ұлттық музейде "Көшпенді халық: тарих, таным, тағылым" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады", - делінген хабарламада.

Алдын ала болжамға сәйкес, осы күндері елордаға 100 мыңға жуық турист келуі мүмкін. Осыған орай 20-дан астам қонақ үйдің, сондай-ақ туристер жиі баратын орындардың дайындығы пысықталып, қала көшелерін абаттандыру, безендіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2151021-toqaev-v-duniezhuzilik-koshpendiler-oiyndarynyng-daiyndyq-barysymen-tanysty/