Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев пен Рахмон кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Фото: t.me/aqorda_resmi

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон шағын құрамдағы кездесуінен кейін ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізілді. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мемлекеттік сапардың басты мақсаты достыққа және өзара қолдауға негізделген қазақ-тәжік қатынастарын мүлдем жаңа деңгейге көтеруді көздейтін ортақ мұратқа сай келетінін айтты. Осы орайда Мемлекет басшысы бүгін қол қойылатын Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шарттың айрықша маңызына назар аударды.

"Аталған тарихи құжат көкжиегімізді кеңейтіп, көпжақты байланыстарымызды одан әрі нығайтудың негізін қалайды. Одақтастық қатынастарды дамыту жолындағы бірлескен әрекетіміз тұтас Орталық Азия өңірінің орнықты дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, құрметті Эмомали Шарипович, қазақ-тәжік ықпалдастығын кеңейтуге елеулі үлес қосқаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Шуақты Душанбе қаласына келген сайын зор қуанышқа бөленемін. Әрдайым оң өзгерістерге куә боламын. Сіздің еліңізде жүргізіліп жатқан экономикалық реформаларды ерекше ықыласпен бақылаймыз, жетістіктеріңізге куә болып отырмыз. Достас әрі одақтас ел ретінде бұған шын ниетімізбен қуанамыз", - деді президент.

Мемлекет басшысы қазақ-тәжік ынтымақтастығы барлық бағытта қарыштап дамып келе жатқанын айтты

"Шын мәнінде, алдыңғы кездесулер барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың бәрі дәйекті түрде жүзеге асырылып жатыр және екі ел үкіметтерінің бақылауында тұр. Мұны өзім де қадағалап отырмын. Өткен айда премьер-министрлердің орынбасарлары деңгейінде Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға қатысушылар екіжақты ықпалдастық тетіктерін егжей-тегжейлі талқылады. Мақсатымыз – өзара сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға жеткізу. Менің ойымша, бұған елдеріміздің әлеуеті жетеді", - деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның мәдениет күндерін ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы, атап айтқанда Душанбенің орталығында қазақтың бас ақыны, хакім Абай Құнанбайұлының ескерткіш-бюстін орнатқаны үшін тәжік тарапына алғыс айтып, мұндай іс-шаралар ортақ рухани-мәдени құндылықтарымызды байыта түсетініне назар аударды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2152222-qasym-zhomart-toqaev-pen-emomali-rahmon-kengeitilgen-quramda-kelissoz-zhurgizdi/