Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Президент ел байлығын үнемдеп пайдалануға шақырды

Жарияланған күні:

Мұнай бұрғылау мұнарасы
Мұнай бұрғылау мұнарасы. Көрнекі сурет: Andrey Rudakov / Bloomberg

Президент ел байлығын үнемдеп пайдаланып, табанды еңбек етуге шақырды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

"Қазір әлемде қандай түбегейлі өзгерістер болып жатқанын білесіздер. Экономикалық, саяси, климаттық және басқа да жаһандық, аймақтық ауқымдағы қауіп-қатерлер аз емес. Осындай жағдайда күнделікті шаруамен қатар стратегиялық маңызы бар көптеген мәселені шешуімізге тура келеді. Әрине, бір мезетте барлығына бірдей ресурсымыз жетпейтіні анық. Ешкім де бәрін табан астында өзгерте алмайды. Жылдар бойы шешімін таппай келген мәселелер бар. Біз ештеңені жасырмай, бәрін бүкпесіз ашық айтамыз. Қаншалықты күрделі болса да, барлық мәселені жүйелі әрі батыл түрде шешіп келеміз.

Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің маңызды міндеті. Үкімет мүшелері, әкімдер, депутаттар және барша қоғам өкілдері әрдайым отаншылдық идеясына адал болуға тиіс. Әр іс елге деген жанашырлық ниетпен жасалуы керек. Әрбір қадамымыз елге пайдасын тигізуі қажет.

Біз еліміздің байлығын үнемдеп пайдалансақ, табанды еңбек етсек, салық төлесек, өз өнімдерімізді сатып алатын болсақ, түрлі жобаларға инвестиция салсақ, мемлекетіміздің қуатын арттыра түсеміз. Демек Отанымызға да, отбасымызға да пайдамыз тиеді деген сөз

Біз қиындықтарға мойымай, барлық мәселені біртіндеп, байыппен шешуіміз керек. Мұның бәрі халықтың тұрмыс-тіршілігіне ғана емес, қазіргі бұлыңғыр замандағы еліміздің тағдырына да тікелей әсер етеді. Әр адамға және баршаға бірдей мүмкіндік беретін мемлекетті, яғни Әділетті Қазақстанды болашақ ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ міндет. Мен Мемлекет басшысы ретінде осы міндетті орындауға бар күш-жігерімді саламын. Сіздер де ортақ мақсатқа жету үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін", - деді президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2156082-prezident-toqaev-el-bailygyn-unemdep-paidalanuga-shaqyrdy/