Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Заңмен талап еткеннен кейін ғана мән бере бастады": Тоқаев мәслихаттың құзіреті туралы айтты

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында мәслихаттың құзіреті туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақорданың Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Біз бүгін мәслихаттардың жұмысына және маңызды мәселелерге қатысты пікір алмасамыз. Бәріңізге мәлім, соңғы жылдары елімізде жан-жақты жаңғыру жұмыстары қолға алынды. Соның ішінде саяси реформалардың орны бөлек. 2022 жылы референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгіздік. Парламенттің рөлін айтарлықтай күшейттік. Заң шығарушы органның қазіргі қызметіне Ерлан Жақанұлы арнайы тоқталып өтті. Жалпы, билік тармақтарының жұмысын жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдадық. Онда жергілікті өкілді билікке қатысты мәселелер де бар. Атап айтсақ, облыстық мәслихат сайлауы аралас жүйе арқылы өтеді. Ал аудандық депутаттар тек қана мажоритарлық тәсілмен сайланады. Бұл қадам еліміздің демократиялық жолмен дамуына зор серпін берді деп сеніммен айта аламыз.

Ауқымды реформаның нәтижесінде саяси бәсеке жандана түсті. Жаңа ережеге сай өткен сайлаудан кейін мәслихаттарға жаңа адамдар келді. Алты саяси партияның өкілдері депутат мандатына ие болды. Қазір мәслихат мүшелерінің оннан бірі ғана – партиялық тізіммен келген депутаттар. Қалғаны – түгел бір мандатты округтен сайланған азаматтар. Өзін-өзі ұсынған 434 адам депутат атанды.

Ашығын айтсақ, бұрын саяси партиялар түрлі санаттағы азаматтармен жұмысқа көп көңіл бөлмейтін. Заңмен талап еткеннен кейін ғана мән бере бастады. Мысалы, партиялық тізімде жастарға арнайы квота бөлінді. Бұл шешім олардың қоғамдық-саяси үдеріске араласуына жол ашып берді. Бұрын мәслихаттағы жас азаматтардың үлесі 2 пайызға да жетпейтін. Қазір заңнамаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде бұл көрсеткіш еселеп артты деуге болады. Бүгін де ортамызда көптеген жас депутаттар отыр. Олар түрлі мінберден жастарға қатысты өзекті мәселелерді батыл көтеріп жүр", - деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев өкілді билікте әйелдердің қатары көбейе түскенін, елімізде қыз-келіншектердің бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын айтты.

"Әйелдердің құқығын қорғауға баса назар аударылып жатыр. Осының бәрі реформаның нақты нәтижесі екені сөзсіз.

Сондай-ақ реформа партиялардың аймақтағы белсенділігін арттырды. Олар облыс, аудан орталықтарында қарқынды жұмыс істей бастады. Азаматтардың саяси үдеріске кеңінен араласуына мүмкіндік туды. Жер-жерде түрлі мәселе туралы ашық талқылаулар өтіп жатыр. Басқаша айтсақ, пікір алуандығына жол ашылды. Жұрт жергілікті мәселелерді шешуге белсене атсалысатын болды. Бұл "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидатымен толық үндеседі.

Саяси реформалардың нәтижесінде мәслихаттардың құзыреті кеңейе түсті. Депутаттар облыстың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін баламалы негізде таңдайтын болды. Атқарушы билікке ықпал ете алатын басқа да құзыреттер берілді. Сондықтан мәслихаттар аймақтың әлеуметтік жағдайына әкімдіктермен бірдей жауапты. Депутаттар өкілді билік функциясын халықтың сеніміне сай жоғары деңгейде атқаруы керек. Ол үшін мынадай мәселелерге назар аудару қажет", - деді Тоқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2169207-zangmen-talap-etkennen-keiin-gana-man-bere-bastady-toqaev-maslihattyng-quzireti-turaly-aitty/