Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Саяси ұйымдар көктемгі су тасқынымен күрес кезінде бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсетті

Жарияланған күні:

Атыраудағы су тасқыны
Атыраудағы су тасқыны. Фото: NUR.KZ/Әйгерім Сайқын

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының форумында саяси ұйымдар көктемгі су тасқынымен күрес кезінде бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсеткенін атап өтті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақорданың Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Amanat партиясының барлық мүшесі көктемгі алапат су тасқыны кезінде бекем бірліктің үлгісін көрсетті. Олар бөгеттер салуға және азаматтарды эвакуациялауға, гуманитарлық көмек жинап, елге таратуға бірге қатысты. "Ауыл" партиясының бастамасымен тұрғын үйлерді және әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру үшін студенттердің құрылыс жасақтары жедел құрылды. "Ақ жол" партиясы су тасқынымен күресуге екі жүзден астам арнайы техника жеткізді. Respublica, ЖСДП және Қазақстан халық партиясының белсенділері де шет қалмай, зардап шеккен азаматтарға алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетті. Әлбетте, бұл ауқымды жұмысқа партиялардан сайланған, сондай-ақ өзін-өзі ұсынған мәслихат депутаттары да белсенді атсалысты. Ең алдымен, осы мақсатқа бөлінген қаржының жұмсалуын бақылауға көмектесті.

Әрбір партия өз қызметінде, негізінен, электоратына бағдар ұстай отырып әрекет ететіні түсінікті. Олар бір-бірімен бәсекелесіп, сайлаушылардың дауысы үшін күресетінін көріп отырмыз", - деді президент форумда сөйлеген сөзінде.

Осы орайда мемлекет басшысы партиялар жалпыұлттық міндеттерді шешу үшін күш-жігер біріктіруге дайын екенін атап өтті.

"Саяси ұйымдар көктемгі су тасқынымен күрес кезінде дәл осындай бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсетті", деді ол.

Президенттің айтуынша, тоғыз мыңнан астам отбасы су басқан үйлерін жөндеуге және қалпына келтіруге төлем алды, алты мыңға жуық отбасына баспана сатып алуға қаржы бөлінді. Қысқа мерзім ішінде 2,5 мыңнан астам жаңа үй салынды. Жоспарланған 2680 үйдің 2620-сы пайдалануға берілді.

"Мұның барлығы – мемлекеттің, бизнестің және қоғамның бірлесе атқарып жатқан жұмысының нәтижесі. Мен саяси партиялар, мәслихаттар мен қоғамдық ұйымдар дәл осындай мызғымас бірлікте жұмыс істеуі керек деп санаймын. Түптеп келгенде, алдымызда тұрған мақсат – ортақ. Бұл – елімізді өркендету және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту", - деді Тоқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2169225-toqaev-saiasi-uiymdar-koktemgi-su-tasqynymen-kures-kezinde-birlik-pen-yntymaqtyng-ulgisin-korsetti/