Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бейбітшілікке ұмтылу – әлсіздіктің белгісі емес": Тоқаев Ресей-Украина қақтығысы туралы пікір білдірді

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: aqorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Astana Think Tank форумының пленарлық отырысында сөз сөйледі. Президент отырыста Ресей-Украина арасындағы қақтығысты шешу мәселесі жөнінде де пікір білдірді, деп хабарлайды Ақорда.

Президент Қазақстан халықаралық форумдарда, соның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде орта державалардың мүддесін қорғауды жалғастыра беретінін жеткізді.

"Біз халықаралық жүйенің мейлінше инклюзивті және орнықты болғанын қалаймыз. Мемлекеттерді үлкен немесе шағын деп бөлмей, оларға жаһанды жақсарту үшін өз үлесін қосуға мүмкіндік беру керек. Қазақстан алдағы уақытта да әлемдік аренада белсенді рөл атқаруға дайын. Біз дипломатияның, экономикалық ынтымақтастық пен көпжақты басқарудың тоғысқан жерінде тұрмыз.

Әріптестерімізбен және серіктестерімізбен бірге әрекет ету арқылы болашақ әлемнің келбетін қалыптастыруға атсалыса аламыз. Халықаралық тәртіп өзгеріп жатқан кезеңде біздің жай ғана бақылаушы болғымыз келмейді. Керісінше, анағұрлым теңгерімді, әділ әрі орнықты ғаламдық жүйенің архитекторлары болуға ұмтыламыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жиында Ресей-Украина арасындағы қақтығысты шешу мәселесі жөнінде де пікір білдірді.

"Канцлер Шольцпен келіссөз барысында айтқанымдай, Ресейдің әскери тұрғыдан жеңілмейтіні анық. Бұл – Ресейдің әскери әлеуеті, Президент Путин жүргізіп отырған саясатты халқының қолдауы және тарихтың өзі дәлелдеп отырған факт. Сондықтан біз қақтығысты бейбіт түрде шешу жолдарын қарастыруды, барлық мемлекеттің, соның ішінде Қытай мен Бразилияның ақылға қонымды жоспарларын қолдаймыз.

Басқа жол жоқ. Әйтпесе, соғыс қос тарапты да жойып тынады. Кейбір әлемдік күштер бұған мүдделі шығар. Бірақ бұл тығырыққа тірейтін жол. Конструктивті келіссөздер арқылы бейбітшілікке ұмтылу – әлсіздіктің белгісі емес, керісінше, стратегиялық парасаттылықтың көрінісі", - деді президент.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия федералды канцлері Олаф Шольц шағын құрамда келіссөз жүргізді. Кездесуде Олаф Шольцтің өтінішімен Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдайды реттеуге байланысты пікірін жеткізді.

"Әскери тұрғыда Ресейдің жеңілмейтіні анық. Соғыс бұдан әрі өрши берсе, барша адамзатқа, ең алдымен, Ресей-Украина қақтығысына тікелей қатысы бар мемлекеттерге салдары өте ауыр тиеді. Өкінішке қарай, Станбұл келісімін бекітуден бас тартып, татуласуға қол жеткізетін оңтайлы мүмкіндікті уыстан шығарып алды. Дегенмен бейбітшілік орнатуға әлі де мүмкіндік бар", - деген еді Қазақстан президенті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2175455-beibitshilikke-umtylu-alsizdikting-belgisi-emes-toqaev-resei-ukraina-qaqtygysy-turaly-pikir-bildirdi/