Көкшетауға жаңа әкім тағайындалды
Жарияланған күні:
Көкшетаудың жаңа әкім болып Әнуар Күмпекеев тағайындалды. Аймақ басшысы жаңа әкімді таныстырды, деп хабарлайды Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Ақмола облысының әкімінің 2024 жылғы 9 қарашадағы өкімімен Президент Әкімшілігінің және қалалық мәслихаттың келісімі бойынша Әнуар Қайыргелдіұлы Күмпекеев Көкшетау қаласының әкімі болып тағайындалды", - делінген хабарламада.
Марат Ахметжанов жаңа әкімді облыс орталығының активіне таныстыра отырып, Әнуар Күмпекеевтің кәсіби қасиеттері мен ұйымдастырушылық қабілеттері бар тәжірибелі басшы екенін атап өтті.
Облыс әкімі қала әкімдігіне Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыруға күш салу қажет екенін ерекше атап өтті. Алдағы уақытта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары мен құрылыс салаларындағы мәселелерді шешу бойынша белсенді жұмыс күтіп тұр. Бүгінгі таңда қала әкімі үшін басты міндет - жылыту маусымының үздіксіз өтуі және тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету.
Өңір басшысы қаладағы электрмен жабдықтау тапшылығы мәселесін шешу үшін жоспарланған жобаларды уақытылы іске асыруды, сондай-ақ тұрғын үй салу және сатып алу жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Сонымен қатар, биыл Көкшетау қаласы облыс орталығы ретінде ерекше назарға алынатыны айтылды.
"Алда проблемалық мәселелерді шешу және жаңа жобаларды жүзеге асыру бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр. Сондықтан Сізден тек жедел шешім қабылдау ғана емес, ең бастысы олардың барлығының тиімді болуы талап етіледі", - деді облыс әкімі.
Кездесу соңында Марат Ахметжанов Әнуар Күмпекеевке қала тұрғындарының игілігі үшін барлық тапсырмаларды табысты жүзеге асыруды жүктеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2185187-kokshetauga-zhanga-akim-tagaiyndaldy/