"Олардың да қалауы бар": Тоқаев мемқызметкерлерге сыйақы беруге тыйым салуға қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы беруге тыйым салу мәселесіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
"Жақында мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы беруге тыйым салынатындығы туралы мәселе қызу талқыланды. Қаржы министрлігі оған тыйым салуға негіз жоқ екенін түсіндіріп берді. Мемлекеттік қызметшілер – елдегі жүйелі өзгерістердің басты жолбасшылары. Олардың табысы айтарлықтай көп емес. Кей кездері түнімен жұмыста отырады. Мемлекеттік қызметшілердің де отбасы мен міндеті, қала берді қарапайым адам ретіндегі қалауы мен жоспары бар.
Мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыру үшін қатардағы қызметкерлердің еңбекақысы бәсекеге қабілетті болуы керек деп ойлаймын. Сыйақы аталған мәселені шешуге мүмкіндік береді. Басқа жолмен мемлекеттік қызметке білікті мамандарды тартып, кадр тұрақсыздығы проблемасын шешу қиын", - дейді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, үкімет азаматтарға әлеуметтік көмек беру жүйесін қайта қарауы керек.
"Соған сәйкес тиісті тапсырма берілді. Мемлекеттен берілетін атаулы әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтар алуға тиіс. Алайда кейбір ауылдық жерде бір отбасыдан бірнеше адам атаулы әлеуметтік көмек алатын жағдайлар жиі кездеседі. Өкінішке қарай ондай азаматтарымыз жұмыс істеп, еңбек етуге де құлықсыз. Себебі мемлекеттен түсетін жәрдемге сенеді. Бұл, әрине, дұрыс емес. Түптеп келгенде, мұндай әрекет әлеуметтік масылдықты туғызып отыр", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2188073-toqaev-memlekettik-qyzmetkerlerge-syiaqy-beruge-tyiym-salu-maselesine-qatysty-pikir-bildirdi/