"Ел терең бюджет дағдарысына тап болды": депутат мемлекет қарызы көбейіп кеткенін айтты
Жарияланған күні:
Мәжілістің сәрсенбідегі жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев Қазақстан терең бюджет дағдарысын бастан кешіріп жатқанын, ал экономикада жылдар бойы мәселе көбейіп кеткенін мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Мемлекет қарызы көбейіп барады. Шығындарымыздың үштен бірі сұрап алған қаражат есебінен жабылып отыр. Мемлекет пен үкіметтің үш жылдық берешегін өтеудің өзіне 6 трлн теңге керек, яғни сыртқы қарыз елдің төрт бюджетіне теңесті", - деп мәлімдеді Бейсенбаев.
Оның айтуынша, кейінгі 10 жылда сыртқы қарыз 16,5 млрд долларға өсті, ал Ұлттық қор активі 17,5 млрд долларға азайды. Осының бәрі экономикада мәселе көбейгенін көрсетіп отыр.
"Осыдан шығатын қорытынды – ел терең бюджет дағдарысына тап болды. Ол Ұлттық қор қаражатына тәуелді", - деп есептейді Бейсенбаев.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада премьер-минисрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстанның мемлекеттік қарызы туралы айтқан.
20 қарашада Қазақстан 85 млрд жапон иені көлемінде қарыз алатыны мәлім болған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2193186-el-tereng-biudzhet-dagdarysyna-tap-boldy-deputat-memleket-qaryzy-kobeiip-ketkenin-aitty/