"Ерлік жасағандай айтып отырсыз": Қошанов ұлттық экономика министрін сынға алды
Жарияланған күні:
Бүгін мәжілісте "2024–2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды. Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың заң жобасы бойынша баяндамасы мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың сынына ілікті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ұлттық экономика министрі Байбазаров заң жобасы республикалық бюджет көрсеткіштерінің өзгеруіне байланысты дайындалғанын түсіндірді. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров бұл түзетулердің парламенттің қатысуынсыз жасалғанына назар аударды.
"Биылғы үкімет парламенттің қатысуынсыз бюджетке тоғыз түзету енгізді, ал оның қатысуынсыз түзету енгізу деген президент Тоқаевтың қоғамдық бақылау концепциясына сәйкес келмейді. Депутат жоқ, өздеріңіз қожа, өздеріңіз би – рахат. Міне, сол өзгерістердің аясында бір бағдарламаға бірнеше рет өзгерістер енгізілген және ең негізгісі – түзетулер арқылы осы жылдағы біраз шығын қайта қаралған. Сонымен сұрақ: сол өзгерістерде биылғы қандай шығындар қысқарды? Олардың қаншасы инвестициялық жобаларды іске асырумен байланысты?" - деді депутат.
Байбазаров сауалға жауап бере отырып, бюджетке енгізілген түзету нәтижелерін бөлісті.
"Бюджет заңнамасы – үкімет құзыретіндегі сұрақ. Биыл тоғыз емес, он рет түзетілді. Жақында біз тағы бір түзету енгіздік, соның есебінен біз 375 млрд астам теңгенің құрылымын өзгертіп, экономикалық өсімге байланысты бағыттарға жібердік. Жаңа бюджет кодексіне біздің парламент алдындағы есептілігіміз көрсетілді, яғни біз қандай да бір түзету енгізетін болсақ, біз 5 күннің ішінде баяндамамен сіздердің алдарыңызға келеміз…Осының арқасында биыл біз ауыл шаруашылығын қаржыландыруды үш есе арттыруға мүмкіндік алдық. Сонымен қатар тұрғын үйге қатысты мәселелерді, соның ішінде газ қосуға қосымша 100 млрд теңге бөлуге мүмкіндік туды. Үнемделген қаржы халықтың тұрмысын жақсартуға, экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталды", - деп жауап берді Нұрлан Байбазаров.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов министрдің жауабына қанағаттанбай, жиі жасалатын түзетулер бюджеттік тәртіптің жоқтығын көрсететінін айтты:
"Бюджетке "он рет өзгерту жасадық" деп ерлік жасағандай айтып отырсыз. Ай сайын бюджетке өзгеріс енгізіліп отырған, яғни бюджеттік тәртіп ақсап жатыр деген сөз. Солай ғой?! Депутаттың сұрағы дұрыс. Үкімет қаперіне алуы керек", - деді Қошанов.
Отырыс барысында бюджетті басқарудағы тәртіпті күшейту және парламенттің рөлін арттыру қажеттілігі ерекше атап өтілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2193221-erlik-zhasagandai-aityp-otyrsyz-qoshanov-ulttyq-ekonomika-ministrin-synga-aldy/