Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев пен Путин кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді (фото)

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев және Владимир Путиннің қатысуымен өткен кеңейтілген жиын
Тоқаев және Путиннің қатысуымен өткен кеңейтілген жиын. Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамда өткен келіссөз қорытындысына оң баға беріп, оның барысында екіжақты күн тәртібіне қатысты барлық өзекті мәселе талқыланғанын жеткізді.

"Өзара ынтымақтастық бойынша ортақ ұйғарымға келдік. Үкіметтерге тиісті тапсырмалар берілді. Алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Екі елдің қарым-қатынасы зор қарқынмен дамып келеді. Біздің міндетіміз – осы динамиканы бәсеңдетпей, елдеріміз арасындағы сауда-саттықтың табысты өркендеуіне, инвестициялық ынтымақтастықтың тереңдеуіне, сондай-ақ білім мен гуманитарлық салалардағы байланыстардың нығаюына қолайлы жағдай жасау", - деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық байланыстарының қазіргі жай-күйіне назар аударды. Президенттің айтуынша, өзара сауда-саттық үздіксіз дамуда, таяу уақытта екіжақты тауар айналымын 30 миллиард долларға дейін жеткізуге мол мүмкіндік бар. Инвестиция саласында да оң үрдіс байқалады.

"Бүгінде жалпы инвестиция көлемі 18,3 миллиард доллар болатын 93 бірлескен жоба жүзеге асты. Соның нәтижесінде Қазақстанда 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта шамамен құны 29,5 миллиард доллар болатын және 20 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 49 жобаны қолға алуды жоспарлап отырмыз", - деді Қазақстан президенті.

Владимир Путин
Владимир Путин. Фото: akorda.kz

Владимир Путин Мәскеу мен Астана арасындағы ықпалдастық барлық бағыт бойынша белсенді өрбіп келе жатқанын мәлімдеді.

"Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз және сенімді одақтасымыз. Шағын құрамдағы келіссөз барысында екіжақты байланыстар аясында туындайтын проблемаларға назар аудардық. Ең бастысы, барлық сауалдың жауабын табуға ортақ ұмтылыс бар. Мен екі ел арасында шешілмейтін түйткіл жоқ екенін жақсы білемін. Ал мұндай ниеттестік үлкен жетістіктерге ұласады. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан толайым табыстарға қол жеткізді. Біз бұған қуаныштымыз. Өйткені екіжақты ынтымақтастықтың ауқымы артып келеді. Қазіргідей қиындықтарға қарамастан, ықпалдастығымыз кеңеюде әрі қос тарапқа да тиімді", - деді Ресей президенті.

Келіссөз барысында сауда-экономика, көлік-логистика, отын-энергетика, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды.

Еске салсақ, Ресей президенті Владимир Путин бүгін, 27 қарашада мемлекеттік сапармен Астанаға келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Владимир Путинді елорда әуежайынан қарсы алды.

Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинді "Ақорда" резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин шағын құрамда келіссөз жүргізді, Ресей президенті екіжақты байланыстардың қарқынын жоғары бағалап, мемлекеттік сапарының мәні мен маңызына тоқталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2193419-toqaev-resei-prezidentimen-kengeitilgen-quramda-kelissoz-zhurgizdi/