"Өте ауыр айыптау": Қошанов мәжіліс депутатына ескерту жасады
Жарияланған күні:
Мәжіліс отырысында депутат Бақытжан Базарбек Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін президент саясатына қайшы әрекет жасады деп айыптады. Бұл мәлімдемеге палата төрағасы Ерлан Қошанов жауап беріп, депутатқа ескерту жасады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Бақытжан Базарбек министрлікке жер инспекторларының eGov порталы арқылы хабарламаларды ала алмауын сынға алды.
"Жер инспекторлары туралы тағы да қайталаймын. Олар eGov-та хабарлама алған кезде Жер кодексінің 141-5-бабын орындай алмай отыр. Себебі eGov порталымен интеграция жоқ. Неге жер инспекторлары хабарламаларды порталда аша алмайды? Сондықтан олар "Қазпошта" арқылы жіберуге мәжбүр. Сіздер неге осы екі үлкен дерекқорды біріктіре алмайсыздар? Ендігіде заңсыз алынған жерлерді және игерілмеген, пайдаланылмаған жерлерді біз электрондық тұрғыда, салық комитеті сияқты беретін болайық. Түсінікті ғой? Осыны сіздерге тапсырма ретінде бердік, орындаңыздар! Болмаса, мен цифрлық министрлік пен пошта қызметін президенттің саясатына қарсы шықты деп есепиеймін", – деді депутат.
Оның сөзіне мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жауап берді.
"Тек бір ғана айтатыным, Бақытжан Базарбектің сөзіндегі министрлікті президенттің саясатына қарсы деп айыптауы – ол өте ауыр айыптау. "Президент тапсырмасы толық орындалмады" деп айтуға болар, сондықтан сөйлегенде байқау керек", - деді Қошанов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2196129-bul-auyr-aiyp-qoshanov-mazhilis-deputatyna-eskertu-zhasady/