Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көші-қон туралы заңға өзгеріс енбесе, қандастар көшті кері бұруы мүмкін

Жарияланған күні:

Шет мемлекеттерден елге оралған қандастардың азаматтық алу мәселесі қиындап, қоғам өкілдері үкіметке бірнеше ұсыныстар айтқан еді. Алайда парламент қабырғасында көші-қон заңын өзгерту туралы бастама көтерілмеді.

Ал Алматыда мемлекеттік орган өкілдері мен бір топ қандастар кездесіп сұқбаттасуға тырысты.

Солардың бірі Ербол Дәулетбекұлының Қытайдан елге оралғанына 8 жыл болыпты. 2 жыл бұрын Қазақстанның азаматтығын алған. Құлжада қаржы саласын басқарыпты. Айтуынша, қазіргі көші-қон туралы заң шеттен келетін қандастардың жолын кесуде. Әке-шешесін Қазақстанға алдырып алып, құжаттарын екі жылдан бері реттей алмай жүр екен.     "Қытайдағы азаматтығыңды өшір дейді. Қытай азаматтық алмаған адамға өшіреді ме? Өшірмейді. Кетем десең, Қазақстаннан қағаз алып кел дейді олар. Екі ортада қазақты сандалтып қойған әңгіме бұл. Қазақ анаған жүгіреді, мынаған жүгіреді. Мен өзімнің туған бауырларым, туған-туыстарым осы күнді кешіп жатыр", - дейді қандасымыз.Атамекенге аяқ басқысы келетіндер көп, тек заң ерік бермей тұр дегенді жеткізді қандастар. Айтуларынша, шекара асып келген олар үш ай, асып кетсе алты ай ғана елде жүре алады екен.

Соңғы көші-қон туралы заң оларды еңбек миграттарымен теңестіріп қойған. Ал осында тұрақтап қалу, азаматтық алу мәселелері ұзақ әрі қиын шаруа.

Оның үстіне көші-қон басқармасы да түрлі құжаттар сұрап әуреге салады екен. Бірақ көші-қон полициясының өкілдері құжат рәсімдеу соншалықты қиын шаруа емес дейді.

Алматы қалалық ІІД Көші-қон полициясы басқармасының аға инспекторы Ләззат Мұхитова: "Виза қажет емес, олар тек қазақ деп дәлелдесе немесе анықтама әкелсе, төлқұжаттарында қазақ деп жазылса, ондай қандастарымыздан біз құжаттарды жеңілдетілген түрде қабылдаймыз", - дейді.

Бірақ азаматтық түгіл ықтияр хат алудың мұң екенін жеткізген қандастар заңға өзгеріс енгенін қалайды. Осы жылдың алғашқы жартысында елімізге 3404 отбасы көшіп келіп, 7264 қазақ оралман мәртебесін алыпты. Олардың жартысынан көбі Өзбекстаннан келген екен. Ал Қытай мен Моңғолиядан атажұртқа көш басын бұрғандардың қатары сирек. Тіпті, Қазақстанға келіп, қайта көшіп жатқандары да бар екен.

"Көшіп жатыр. Оны ашық айтайық, санап беремін мен, Қытайға қайта көшіп кетіп жатқандарды атын, фамилиясына дейін айтып беремін. Неге көшпейді? Азаматтық ала алмаса, бұл жерде тұрақты жұмыс істей алмаса, қатын-баласын қалай асырайды. Азаматтығы бар елге кету керек қой", - деп ашынады Ербол Дәулетбек.

Көші-қон туралы заңға өзгеріс енбесе, қанша қандасымыздың көшті кері бұратыны белгісіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/338238-koshi-kon-turaly-zanga-ozgeris-enbese-kandastar-koshti-keri-byruy-mymkin/