RU

Премьералар апталығы: Әуезов театры бір аптада төрт спектакльдің тұсауын кеспек

Әуезов театры
Фото: auezov-theatre.kz

Жақында ғана "Ұлттық театр" мәртебесін алған қазақ өнерінің қара шаңырағы - Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының сахнасында бір апта ішінде 4 бірдей премьера көрермен назарына ұсынылмақ деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

16 ақпан күні театрда аталмыш «Премьералар апталығына» байланысты БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы өтті.

Қазақстанның және КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов, Әуезов театрының директоры Еркін Жуасбек және тұсауы кесілгелі отырған төрт спектакльдің режиссерлері Нұрлан Жұманиязов, Наташа Дубс, Ерлан Кәрібаев, Алмат Шариповтер журналистер сұрағына жауап берді.

Театр директорының айтуынша, тұсауы кесілетін төрт спектакльдің төрт түрлі жанрда ұсынылуы театрдың шығармашылық мол ізденісін көрсетпек.

Спектакльдер 17-20 ақпан аралығында театрдың үлкен және кіші залдарында көрерменге жол тартпақ. Атап айтар болсақ:

17 ақпан - Олжас Жанайдаровтың «Екеуміз...» драмасы (режиссері Наташа Дубс);

18 ақпан - Төлен Әбдіктің «Оң қол» хоррор драмасы (жас режиссер Алмат Шарипов);

19 ақпан - Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Барымен базар» комедиясы (режиссері Нұрлан Жұманиязов);

20 ақпан - «Туған күн» монодрамасы (режиссері Ерлан Кәрібаев) көрсетіледі.

«Екеуміз...» драмасы

Драматург О.Жанайдаровтың пьесасы жастар арасындағы желік сезім, стереотиптік көзқарастар, әлеуметтік мәселелер және отбасылық құндылықтар жайында. Жеке адамның өзін-өзі тани білуі, өзгенің жанын, жақынының жанын сезіне алуы, тыңдай-көре білуінің, түсінісу мен жарасымның, кешірімнің қаншалықты маңыздылығын ұғындыратын сәттерге куә етеді.

«Оң қол» хоррор драмасы

Жазушы Т.Әбдіктің «Оң қол»  пьесасының оқиға желісі адам мен қоғам қатынасын əрдайым басты назарда ұстайды. Басты кейіпкер — Алманың бойындағы үздіксіз жүріп жатқан үрей мен қорқыныш, өмір мен өлім арасындағы арпалыс, жан толғанысы кеңінен суреттеліп, қатерлі дерттің себеп-салдарын ашып көрсетуге талпыныс жасалады.

«Барымен базар» комедиясы

Тынымбай Нұрмағанбетов – комедия жанрында жазып жүрген драматургтер ішіндегі бірегейі. Автордың бұрын еш жерде сахналанбаған бұл туындысында қазіргі қоғамда болып жатқан өзекті мәселелер ащы сатирамен мысқылданып, көрермендерді күлдіре отырып ойға батырады.

 «Туған күн» монодрамасы

Ата-ананың ыстық құшағы мен аялы алақанын сезінбей, балалар үйінде тәрбиеленген, бойжеткен шағында сүйген, сенім артқан адамынан сатқындық көріп, үміті кекке ұласқан, тағдыр тәлкегіне түскен әйелдің жан драмасы туралы.

Премьералар 17-20 ақпан аралығында сағат 18:30-да өтеді. Спектакль билеттерін театр кассасынан немесе Тикетон сайтынан алуға болады.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласы бас санитар дәрігерінің соңғы қаулысына сәйкес, театрларда көрермен сыйымдылығы 30%-ға өскен болатын.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/press-relizy/1899436-premeralar-aptalygy-auezov-teatry-bir-aptada-tort-spektakldin-tusauyn-kespek/